×

Бюджет тапшылығы – 2,9 трлн рубль: Ресейдің экономикасы күрт құлдырап кетті

4 млн адамға жұмыссыз қалу қаупі төніп тұр

 Еркеғали Болатұлы 22.09.2022 | 16:22
фото: ашық дереккөз

Ресей президенті Владимир Путиннің ішінара мобилизациялау туралы мәлімдемесінен кейін ұлттық валюталары – рубль бірден 5 пайызға арзандады. Ресейлік акциялар құнын жоғалтты. Келген шығын – 1 трлн рубль.

Демек, елде баға өседі. Онсыз да тұрғындарды қымбатшылық қыспаққа алған. Qazaqstan телеарнасы ондағы азық-түлік, техника, құрылыс материалдарының 100 пайызға дейін қымбаттағанын хабарлады.

Мәлімдемеден соң Ресейден Ыстамбұл, Алматы, Бішкек, Баку сияқты қалаларға әуе билеттері бірден сатылып кеткен. Кеше олардың бағасы да шарықтап шыға келгенін жазған едік. Елден кеткісі келетіндер санының күрт өскені сонша, Мәскеуден Алматыға үшінші мемлекет арқылы жету үшін ұшақ билеті 8 миллион теңгеге дейін жетіп отыр. Қаржыгерлердің айтуынша, Ресей үшін дағдарыстың зардабы ауыр болмақ. Қазірдің өзінде ірі компаниялардың 23 пайыздан астамы жұмысшыларын қысқартпақ. Сондықтан 4 млн адамға жұмыссыз қалу қаупі төніп тұр.

Санкциямен күресудің тиімді жолы – өз өндірісімізді көбейту, яғни импорттық тауарларға тәуелділіктен арылу. Алайда ол үшін қаржы мен уақыт керек. Бәрі бүгін-ертең шешіле қоймайды. Кем дегенде 3-4 жыл кетеді. Жуырда Ресейге қарсы жаңа санкциялар жарияланады деп ойлаймын, - дейді аймақтық мәселелер институтының бас директоры Дмитрий Журавлев.

Қазір бюджет тапшылығы – 2,9 трлн рубль. Дүниежүзілік банк Ресейдегі қымбатшылық 22 пайызға дейін жететінін мәлімдеді. Ал мамандар егер санкциялардың келесі пакетінде ресейлік экспортты толықтай шектеу туралы ереже қабылданса, экономика құлдырай түседі деп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама