×

Кейінгі 3 жылда отандық машина жасау саласындағы өсім 20%-ға артты

Үкімет кәсіпкерлерді қолдау саясатын одан әрі жалғастырады

 Динара Амантай 22.09.2022 | 15:47
Фото: egemen.kz

Елімізде машина құрастыру саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдау қажеттілігі туындап отыр. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан машина жасаушыларының X форумында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Форумның пленарлық отырысына премьер-министр Әлихан Смайылов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, «Ростсельмаш» директорлар кеңесінің төрағасы Константин Бабкин, «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ президенті Марат Тілеубаев, «MAKFED» Түрік машина жасау федерациясының төрағасы Аднан Далгакиран және неміс машина жасаушылары мен өнеркәсіптік жабдықтарды өндірушілер бірлестігінің Азия бағыты бойынша басшысы Моника Холлахер қатысты.

Жиынның ашылу рәсімінде премьер-министр форум қатысушыларына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Үкімет басшысы отандық машина құрастыру саласы еліміздің тұрақты экономикалық дамуындағы рөлі туралы айтты. Атап айтқанда, индустриализация жылдары машина құрастыру өндірісі 6 есеге артып, 2021 жылы 2,3 трлн теңге сомасында болған. Бұл тараптағы өндіріс көлемінің өсімі соңғы үш жылда 20 пайызға жеткен.

Қазіргі күнде Үкімет отандық өндірушілерді қолдау саясатын одан әрмен жалғастыруға мүдделі. Өз кезегінде бұл тарапта қаржыландыру мен шығыс материалдарымен қамту, елішілік құндылықтарды дамыту, импорттық өнімдерге тәуелділікті азайту, өндіріс орындарын жаңғырту және жаңа жобаларды жүзеге асыру сынды қолдаулар көзделген, – деді Әлихан Смайылов.

Басқосу барысында Үкімет басшысы сұрақ-жауап сессиясына қатысып, машина құрастыру өнімдерін импорттау және шетелдік кәсіпорындарды елімізге әкелу бағытындағы ойларын айтты.

«Бүгінде экспортқа қарағанда импорттық тауарлардың үлес салмағы басым. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін жүйелі әрі кешенді шаралар қабылдау қажет. Машина құрастыру саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдайтын уақыт келді деп санаймын. Ұзақ мерзімді тәсіл ғана осы бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бермек», – деп атап өтті премьер-министр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сүйенер болсақ, биыл Машина жасау саласын дамытудың 2024 жылға дейінгі жол картасы өзектендірілді. Осы құжатта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, қазақстандық қамту үлесін арттыру, техникалық және экономикалық реттеу шаралары, институционалдық ортаны жетілдіру, білікті кадрлармен қамтамасыз ету, жаңғыртуды ынталандыру және жаңа өндірістерді құру бойынша іс-шаралар қарастырылған.

«Қабылданған жаңа шаралар қатарында шикізат өндірушілер үшін отандық өндірістерді нарық бағасынан төмен бағамен шикізатпен қамтамасыз ету міндеттемесі де бекітілмек. Сонымен қатар өңдеуші өнеркәсіптің өніміне тұрақты сұранысты қамтамасыз ету мақсатында жер қойнауын пайдаланушылардың отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасау бойынша міндеттемелер бекіту көзделген. Бұдан бөлек, тау-кен металлургия кешенінің машина жасау орталығын құру да жоспарланып отыр. Бұл шара кәсіпорындар арасындағы кооперацияны күшейтуге және жаңа өнімді нарыққа шығаруға мүмкіндік береді», – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Оның пайымдауынша, аталған шаралар өңдеу өнеркәсібінің, оның ішінде машина жасау саласының дамуына айтарлықтай септігін тигізбек.

Қазақстан машина жасаушыларының X форумы екі күнге жалғасады. Форум аясында ауыл шаруашылығы, теміржол, электротехникалық машина жасау, автомобиль жасау, өнеркәсіп салаларын цифрландыру мен роботтандыру бағыттары бойынша секциялық отырыстар өткізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама