×

«ҚазМұнайГаз» АҚ «Қашағанның» 50% үлесін сатып алды

Компанияның жалпы қарызы - 10,7 млрд доллар

 Дәурен Ерболат 20.09.2022 | 17:19
Фото: inbusiness.kz

«ҚазМұнайГаз» АҚ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан «ҚМГ Қашаған Б.В.» жауапкершілігі шектеулі жеке компаниясындағы 50% үлесін сатып алды, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

Биыл 15 қыркүйекте «ҚазМұнайГаз» АҚ (ҚМГ) 2015 жылы жасалған опциондық келісім аясындағы құқығын пайдаланып, «Самұрық-Қазына» АҚ-дан (Қор) Солтүстік Каспий жобасы (Қашаған жобасы) бойынша өнімді бөлу туралы келісімнің 16,88% тиесілі «ҚМГ Қашаған Б.В.» ЖШЖК компаниясындағы 50% үлесін 3,8 млрд долларға сатып алды.

«Бұл – «ҚазМұнайГаз» АҚ үшін соңғы жылдардағы ең ірі сатып алу мәмілелерінің бірі. Қашаған жобасындағы үлесі артуы арқылы ҚМГ-ның шоғырландырылған өндіру, EBITDA, таза пайда және активтер көрсеткіштері жақсарады. Бұл ретте компанияның қарызы да артады. Сатып алу үшін төлем ҚМГ Қашаған Б.В. ақша ағымдарының есебінен жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр», –  деді «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев.

2015 жылы ҚМГ түскен қаражатты сол жылдары мұнай бағасының күрт төмендеуіне байланысты ҚМГ еурооблигацияларындағы «Таза қарыз/ EBITDA <= 3.5х» қаржылық ковенантының бұзылуына жол бермеу мақсатында қарызды азайтуға пайдалану үшін ҚМГ Қашаған Б.В. компаниясындағы 50% үлесін«Самұрық-Қазынаға» сатты.

Қазіргі сатып алуды жүзеге асыруға ҚМГ-ның қаржылық жағдайын жақсарту бойынша жүргізілген ауқымды жұмыс сеп болды. Бұл осы мәмілені кредиттік рейтингтерге әсер етпей іске асыруға мүмкіндік берді.

Осы кезеңде қаржылық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шаралар миноритарлық акционерлермен келіссөздер жүргізуді және «ҚазМұнайГаз «Барлау Өндіру» АҚ-дағы үлесін шоғырландыруды, ҚМГ-ның жария борышындағы ковенантты пакетті оңтайландыруды, сондай-ақ ҚМГ ақша ағымдарына сәйкес ұзақ мерзімді өтеу кестесін құруды қамтыды. Атап айтқанда, ҚМГ еурооблигацияларымен жасалған бірқатар мәміле нәтижесінде ковенанттық пакеттен «Таза борыш/ EBITDA <= 3.5х» қаржылық ковенанты толық алынып тасталды. Нәтижесінде ҚМГ-ның жалпы қарызы шоғырландырылған аудиттен өткен қаржылық есептілікке сәйкес 2014 жылдың соңындағы жағдай бойынша 19,2 млрд доллардан 2022 жылғы бірінші жартыжылдықты соңында 8,4 млрд долларға дейін азайды.

ҚМГ Қашаған Б.В. үлесін сатып алу мәмілесі аяқталғаннан кейін ҚМГ-ның жалпы қарызы шамамен 10,7 млрд долларға жетеді.

Халықаралық рейтинг агенттіктері осы кезең ішінде ҚМГ-ның жеке кредиттік рейтингін арттырып, компанияның қаржылық жағдайы жақсарғанын атап өтті.

Бұған дейін ҚМГ Қашаған Б.В. компаниясының 50% үлесіне алдын ала шектеу қойылған еді. Биыл оны Гаага (Нидерланд) апелляциялық соты алып тастады. Бұл шешімге қатысты Нидерланд Жоғарғы сотына түскен шағым ҚМГ-ның 50% үлесін сатып алу туралы мәмілесіне әсер етпейді. Өйткені апелляциялық соттың шектеуді алып тастау туралы шешімі дереу күшіне енеді.

Мәміле туралы толық «ҚазМұнайГаздың» қаржылық есебінде баяндалады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама