×

«Самұрық-Қазына» қорының 10 триллион теңге қарызы бар - Сәтқалиев

Қордың одан басқа да борыштары жеткілікті

 Динара Амантай 15.09.2022 | 15:46
Фото: kapital.kz

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Алмасадам Сәтқалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ұйымның қарыз көлемі қанша екенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қазір қордың жалпы қарызы – шамамен 10 триллион теңге. Қарыздың ауқымды үлесі «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» компаниясына тиесілі. Қордың одан басқа да борыштары бар. «ҚазМұнайГаз» компаниясына келетін болсақ, қаржы тиімді жобаларға тартылды. Мұнай бағасы айтарлықтай жоғары, сондықтан қарызды қайтару бойынша ешқандай күмән жоқ. Жобалар өзін-өзі ақтайды. Қордың өз қарызына келсек, қаржы «Қашаған» үлесін сатып алуға тартылды. Бұл үлес «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының базасы мен IPO-ға шығу мүмкіндігін ұлғайтады, - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Сонымен бірге қор басшысы «Қазақстан темір жолы» компаниясының қарызына қатысты түсінік берді.

«Қазақстан темір жолы» компаниясының облигацияларын сатып алдық. ҚТЖ желісі бойынша транзит аясы кеңейіп жатыр. ҚТЖ қызметінің Қытай, Еуропа бойынша ұлғаюын ескерсек, компания өз қарызын толық көлемде өтей алады деп есептейміз», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Самұрық-Қазына» қоры ірі компаниялардағы үлесін сататыны туралы жаздық.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама