×

1,8 млн адам мүлік салығын төлемей жүр

Төленбеген ақша – 7,1 млрд теңге

 Дәурен Ерболат 15.09.2022 | 10:00
Фото: oksagen.ua

Қазақстанда 1,8 млн адам өткен жылға мүлік салығын төлемеген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Биыл 1 қазанда жылжымайтын мүлік және жер учаскелерінің меншік иелерінің 2021 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. Осыған қарамастан меншік иелерінің 37,5%-ы салықты әлі төлемеген.

Бүгінде шамамен 1,8 млн меншік иесі 2021 жылға 7,1 млрд теңге көлемінде мүлік салығын төлемеген, - деп жазылған МКК таратқан хабарламада.

2022 жылғы 2 қазаннан бастап Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың салық берешегі туралы хабарламаларды борышкерлерге жіберетінін еске салады. 1 АЕК-тен (3063 теңге) асатын берешек сомасы бойынша хабарлама табыс етілген соң 30 жұмыс күнінен кейін берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салық бұйрығы жіберіледі. 5 жұмыс күнінен соң бұйрық жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алу үшін беріледі.

Олар берешек сомасынан басқа шоттарға тыйым салу және шығуға шектеу қоюдан туындаған қолайсыздықтар туралы айтпағанда, салық берешегі сомасының 25%-на дейінгі мөлшерде қосымша төлемді өндіріп алады. Осылайша, артық шығындар мен проблемаларды болдырмау үшін мүлік салығын уақытылы төлеуге кеңес береміз, - деп жазылған хабарламада.

Салықты e-Salyq Azamat және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары, «Электронды үкімет» порталы арқылы және банктердің бөлімшеріндегі немесе төлем терминалдарындағы қолма-қол ақшамен, сондай-ақ банкоматтар мен төлем терминалдарындағы банк карталары арқылы төлеуге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама