Биыл 14 млрд доллардың өңделген тауары сатылған
2022 жылғы 8 айда Қазақстан 14 млрд доллардың өңделген тауарын сатқан. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.
Ведомство басшысының айтуынша, қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,3%-ға өскен.
Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру өнеркәсібі оң өсу қарқынын көрсетіп отыр, - деді министр Үкімет отырысында.
Биыл тамызда негізгі капиталға салынған инвестицияның өсу қарқыны 5,7% артқан.
«Инвестиция мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда 2 есеге, білім беруде – 59,1%, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсетуде – 30,1%, саудада – 21,9%, қаржы және сақтандыру қызметінде – 20,2%, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 18,8%, құрылыс саласында 15,7% өсті.
Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент, Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында», - деді министр.
Сондай-ақ 2022 жылғы қаңтар-шілдеде сыртқы сауда тауар айналымы 36,9%-ке өсіп, 74,3 млрд доллар болған. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 52,9% өсіп, 48,9 млрд долларға жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 35,7% ұлғайып, 14,3 млрд доллар болды. Тауарлар импорты 25,3 млрд долларды құрады. Жалпы оң сауда балансы – 23,6 млрд доллар.
Ұлттық экономика министрі өңдеу өнеркәсібінде өсу қарқыны барын атап өтті.
«Биыл қаңтар-тамызда өндіріс көлемі 4,8%-ға өсті. Оның ішінде 16 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды», - деді ведомство басшысы.