×

«ҚТЖ келісім жасауға итермелейді». Заңсыз салынған 312 метр теміржолдың иесі кім?

Президент айтқан «соңғы шақырымның» жыры біткен жоқ

 Ербол Тұрымбет 09.09.2022 | 12:14
Коллаж: Halyq Uni

«Қаңтар оқиғасынан» кейін 8-ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев теміржол саласындағы былыққа меңзеп, бекеттерге жетер тұста соңғы шақырымдарды меншіктеп алған олигархтарға қатысты қандай шара қолданылып жатқанын сұраған еді. Премьер-министр орынбасары Роман Скляр 21 табиғи монополия өкілі үшін тариф орташа көрсеткішпен алғанда бірден 80% түскенін, наурыз айынан бастап тағы жиырмадан астам компания үшін тариф арзандатылатынын айтты. 

Одан бөлек, кейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі теміржол саласындағы біраз былықты жарияға шығарды. Олардың мәліметінше, Көліктік сервис орталығына ұзындығы 250 шақырымды құрайтын 400-ден астам кірме теміржол желісі тиесілі болған. Негізгі қожайыны кім дегенде әңгіме түптеп келіп Қайрат Сатыбалдыға барып тірелген. Сөйтіп, ресми түрдегі иесі «Темір Триумф» ЖШС ақырында 100% акциясын мемлекетке сыйлай салды. 

Бірақ әңгіме онымен бітпегенге ұқсайды. Дәл сондай жағдай ҚТЖ-да қазір тағы қайталанып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жалпы, заң бойынша жер мемлекеттікі де ол жерге салынатын теміржол ұлттық оператор ретінде ҚТЖ-ға берілуі керек. Магистралды теміржолға жолай қосылатын жеке компаниялар да өздері салған кіреберіс жолдарын осы ұлттық оператордың қарамағына өткізіп беруі тиіс. Бірақ ҚТЖ-ның оны қабылдамай қоятыны қызық. 

Мысалға келтірейін деп отырған «ECON energy» ЖШС-нің жағдайы осыны дәлелдейді. Компания елорданың іргесінен мұнай өнімдерін (бензин, дизель) сақтайтын қойма салып, 2018 жылы ақпан айында заң тәртібімен ҚТЖ-дан магистралды теміржолға қосылатын кіреберіс жол салуға рұқсат алады. 

Соны салып, магистралды жолға жеткенше «Уәли Е.Ж.» дейтін тағы бір жеке кәсіпкер салған жолдың үстімен өтеді. Олар неге салған жолын заң тәртібімен ҚТЖ-ға бермегені жұмбақ. Ал ҚТЖ осының бәрін реттеудің орнына, «ECON energy-ді» сол «Уәли Е.Ж.» ЖК-мен де келісім жасауға мәжбүрлейді.

Бұл жағдайға қатысты былтыр қазан айында қала әкімдігі тексеріс жүргізіпті. Онда «Уәли Е.Ж.» ЖК-не тиесілі №29 бағыт ауыстыру жолының қабылдау түйісінен №49СО бағыт ауыстыру жолына дейінгі аралықтағы жалғастырушы 312 м жол заңсыз іске қосылғанын анықтаған. Яғни, сол аралықты іс жүзінде қолданып отырса да ол ресми түрде, құжат жүзінде іске қосылмаған болып шығады. 

Әкімдіктің шешімін елорданың мамандандырылған әкімшілік соты бекіткен. Елорданың әкімшілік істер бойынша сот алқасы да оны өзгеріссіз қалдырады. Алайда соңында Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған соттың қаулысы жоғарыда аталған екі соттың шешімін жойып, әкімдіктің тексеріс қорытындысы бойынша шешімін алып тастаған. 

Одан бөлек, Бас көлік прокуратурасы да мәселені түбегейлі тексеріп, заңсыздықтарды анықтаған. Соның бәрін түзету керектігі жөнінде ұлттық компанияға хат жолдаған. Бірақ тексеруші органның ескертуін ҚТЖ қаперіне де алмаған сыңайлы. Анығында, «ECON energy» де, «Уәли Е.Ж.» ЖК де салған кіреберіс немесе жалғастырушы теміржолдарын заңға сәйкес ҚТЖ-ға қайтарымсыз бере салса, мәселенің ең тиімді де жылдам шешу жолы осы болар еді. Алайда кәсіпкерлердің сөзіне қарасақ, кіреберіс жолдарды ҚТЖ-ның қарамағына қабылдай салуға кедергі жасап отырған ҚТЖ-ның өзі дегенге саяды. 

Себебі, олар ҚТЖ-ға тиесілі жер аумақтарын пайдаланып отырған болып есептеледі. Әрі сол үшін ақы төлеуге міндеттедеді. Осы тәртіппен, яғни сервитут келісіме аясында ECON energy бүгінге дейін ұлттық компанияға миллион теңгедей төлеп қойған. Бірақ, ҚТЖ-ның мұндай талабы «Уәли Е.Ж.» ЖК-не жүрмейтіні және қызық.

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, 2015 жылдан бері ҚТЖ жеке кәсіпкерлерге осындай кіреберіс жол салу туралы 60-тан аса техникалық шарт қойған. Соның тек бесеуі ғана ұлттық оператордың қарамағына өтіпті. Қалған 55-інің жайы белгісіз. Ендеше одан ҚТЖ заңсыз пайда тауып отыр ма, әлде ҚТЖ-ның мүмкіндігін пайдаланған олигархтар адал кәсіпкерлерден ақы алып отыр ма деген орынды сауал туындайды.

Енді ECON energy жағдайды бұлай қалдырмай, барлығын заң тәртібіне келтіру үшін «Әділдік жолы» РҚБ-нің көмегіне жүгініп отыр. Ал біз жағдайға ҚТЖ-ның көзімен де қарау үшін ресми сауалымызды жолдадық. Ендігі сөз ҚТЖ-да.

Тағы бір қызық жайт, «Уәли Е.Ж.» ЖК-не қатысты @Shishkin_like телеграм-арнасы қызық мәлімет жариялады. Онда аталған ЖК-нің иесі 83 жастағы тарих пәнінің ардагер-ұстазы Уәлиева Екатерина Жанғалиқызы болып шықты. Ал оның туысы Әлия Мұқажанова бесжұлдызды The St. Regis Astana қонақүйіне иелік ететін «Turion Investment Group» ЖШС-ін басқарады. Қонақүйдің екі қожайынының бірі Динара және Тимур Құлыбаевтарға тиесілі Mercury Properties компаниясы екенін жазады. Мұқажанова одан бөлек, «Emerald Tower» ЖШС-інің басшысы. Оның да біршама үлесі Mercury Properties-тің меншігі. Тіпті, 2019-2021 жылдары Әлия Амангелдіқызы «Petroleum Holding» ЖШС-нің басшысы болған, оның да түп қожайыны Тимур Құлыбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама