Тергеу шараларына байланысты «ӨКМ операторы» есепшоты бұғатталған
Елімізде ескі техниканы өңдеуге өткізумен айналысатын кәсіпкерлер бір жыл бойы миллиондаған қаражатын ала алмай жүр. Кезінде ескі техниканы утилизациялаумен «ӨКМ операторы» айналысатын шақта іске жарамай қалған трактор-комбайндарын зауытқа әкеп тапсырған кәсіпкерлер жаңа техника сатып алуға жарайтын сертификат алған. Алайда «ӨКМ операторының» бүкіл құжаты «Жасыл даму» АҚ-на беріліп, тергеу шаралары басталғалы кәсіпкерлердің де сертификаты еш жерге жарамай қалған.
Сертификатын сандықтың түбіне жібергендердің бірі атыраулық кәсіпкер Бауыртай Қожантаев ескі техникасын жыл басында қаңтардың 10-17 аралығында тапсырған. «Газ-53», «УАЗ» және бір тозған жигулиі үшін тиесілі 1 млн 100 мың теңге қаражатын әлі алмаған. Бұған дейін де 2017 жылдан бері осындай көліктердің неше атасын тапсырса да 2 күннен асырмай ақшасын алып отырыпты. Алайда шаруаның бәрі «ӨКМ операторынан» «Жасыл дамуға» өткелі бері істің тоқтап тұрғанын айтады.
Ал ақтөбелік Ілияс Нұрланұлы былтыр күзде ескірген комбайн өткізіпті. Есесіне алған 2 миллион теңгелік сертификатын енді ешкім қабылдамайды.
Қызылордалық кәсіпкер Бауыржан Омаровтың ескі техниканы утилизацияға өткізу нарығында пайда тауып жүргеніне бірнеше жыл болған. Былтырдан бері бір трактор, бір комбайны үшін 3 млн теңгенің сертификатын еш жерге жарата алмай жүр. Одан бөлек, 4 автокөлігі үшін алуы тиіс 880 мың теңгесі де әлі күнге қолына тимеген. Айтуынша, бір Қызылорда облысының өзінде осындай жағдайға тап болған 60-қа тарта кәсіпкер бар.
Жағдайдан «Жасыл даму» АҚ жақсы хабардар. Бірақ бәріне тергеу шараларының қолбайлау болып тұрғанын айтады.
Мемлекеттік компания мәліметінше, елімізде былтыр жалпы саны 150-дей жеке және заңды тұлға 318 техника өткізген. Яғни, 318 сертификат алған. Алайда тергеу шараларына байланысты қаңтардан бастап компанияның есепшоты бұғатталған. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Сондықтан сертификаттардың жалпы құны қанша екенін де есептеп айту қиын.
«Жасыл даму» АҚ өкілдерінің сөзінше, елімізде ескірген техниканы қабылдап, қайта өңдейтін Қарағандыда орналасқан жалғыз зауыт бар. Онда трактор үшін 1 млн теңгеге дейін, комбайнға 2-2,5 млн теңге аралығында, ал жеңіл көліктерге 220 мың теңге шамасында сертификат берілетінін айтады.
Тығырыққа тірелген кәсіпкерлердің қағаз жүзінде тұрған миллиондаған қаражаты күн санап құнын жоғалтып барады. Себебі Фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаевтың айтуынша, еліміздегі техника бағасының қымбаттауы үлкен мәселеге айналған. Мысалы, былтырғы отандық Есіл, Акрос, Полесье сынды комбайндар қазір екі есе, 54 млн теңгеден 100 миллионнан да аса қымбаттап кеткен.
Айта кетейік, былтыр қаңтар-қараша айлары аралығында қазақстандықтар 50 мың ескі техникасын қайта өңдеуге өткізген. Оның ішінде 37 жарым мыңы жеңіл автокөлік болса, 5 мыңнан астамы автобус, тағы 7 мыңнан астамы жүк көліктері болды. Оларға 13,8 млрд теңгеден астам қаражат төленген. «ӨКМ операторы» биылға квотаны 70 мыңға дейін ұлғайтпақшы болған еді.
«Жасыл даму» өкілдерінің сөзінше, қазір Экология министрлігінде күйіп бара жатқан сертификаттардың мерзімін 2024 жылға дейін ұзарту мәселесі талқыланып жатыр. Тергеу шаралары бітіп, шаруа бірізделген соң солай болуы да бек мүмкін. Бірақ, оған дейін ауыл шаруашылығы техникалары тағы қанша қымбаттайтынын, сертификаттар жаңа техника құнының қанша пайызын жабатынын болжау мүмкін болмай тұр.