Министр ет бағасын көтеру керектігін айтты
Шаруалар шығынды толық жаба алмай отыр
Сенаттың жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев шетелге шығатын еттің бағасын көтеру керектігін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бүгінде елімізде мал саны өсіп жатыр.
Өзімізді етпен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Бірақ шаруа қожалықтарына қатысты мәселе бар. Сондықтан еттің бағасын сәл көтеру керек. Себебі саладағы материалдық шығындар өтелмей жатыр. Бұл мәселені жүйелі түрде қарастырып, дұрыс шешім қабылдау қажет, - деді министр.
Ербол Қарашөкеев жиыннан соң ет бағасын көтеруге қатысты түсінік берді.
«Бүгінгі отырыста квота енгізу мәселесін көтердік. Қазақстанда ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша 60 мың ірі қара мал мен 120 мың ұсақ малды экспорттауға рұқсат беру қарастырылып жатыр. Мұндағы мәселе шетелге сатылатын малдың құнына байланысты… Баға ішкі нарыққа әсер етпейді. Шаруа қожалықтары шетелге тірі малды шығарғанда баға өседі. Алайда ішкі нарықтағы баға тұрақты болады», - деді ведомство басшысы.
Ол министрліктің басты мақсаты шаруа қожалықтарының табысын арттыру екенін атап өтті.
Айта кетейік, министр Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы және биоотын айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.