Halyq Uni логотип
×

«Жұмысқа атүсті қарау жалғаса берсе...». Смайылов бірқатар ведомство жұмысын сынға алды

10 өңір әлі күнге дейін тапсырманы орындамаған

 Халық үні 07.09.2022 | 09:11
«Жұмысқа атүсті қарау жалғаса берсе...». Смайылов бірқатар ведомство жұмысын сынға алды
фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуін тежеу, сондай-ақ ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен және көмірмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Сауда және интеграция министрлігі бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және бекіту бойынша жаңа тәсілдер әзірледі.

Мәселен, қолда бар айналым қаражаты шеңберінде қантпен қамтамасыз етудің жаңа тетігін қаржыландыру жоспарлануда. Қант зауыттары 136 мың тонна қант шикізатының үш айлық көлемін сатып алып, жыл бойы тұрақты қайта өңдеуді қамтамасыз етеді.

Өз кезегінде зауыттар нақты қарсы міндеттемелерді қабылдайды.

Картоп пен сәбіз бағасын бекіту үшін Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Жамбыл облыстарының ірі өндірушілерімен 4 млрд теңгеге дейін «айналым қаражатын» ұсыну бойынша келісім жасаған.

Премьер-министр Сауда министрлігі ұсынып отырған жаңа тәсілдер жалпы қолдау табатынын атап өтті. Сонымен бірге оның айтуынша, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер бірқатар кемшіліктерге жол берген, сондықтан азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру міндетін орындай алмады.

Ол «айналым схемасын» қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы бірнеше рет тапсырма берілгенін айтты. Алайда 10 өңір әлі күнге дейін тапсырманы орындаған жоқ.

Әкімдіктер қыркүйек айының соңына дейін «айналым схемасын» тиісті көрсеткішке жеткізіп, қаржыландыруды қамтамасыз етсін, — деді премьер-министр.

Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысына, оның ішінде, елді қантпен қамтамасыз етуге жеке тоқталды.

«Жұмысқа атүсті қарау немесе орындамау жалғаса беретін болса, өңірлер мен министрліктер бойынша кадрлық шешімдер қабылдаймыз», — деді Әлихан Смайылов.

ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ ЖӘНЕ КӨМІРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесін талқылау барысында орталық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың және өңірлердің арасында өзара үйлесімді жұмыстың болмауынан күрделі ахуал болып отырғанын атап өтті.

Премьер-министр жауапты органдарға нақты тапсырмалар берді:

  • Басы артық делдалдар болмауы үшін маржаның шекті сомасы мен соңғы құнын белгілей отырып, ауыл шаруашылығы өндірушілерін жеңілдікті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелерін нормативтік тұрғыдан реттеу. Аудандар мен шалғай елді мекендерде жанармай құю станциялары бар компанияларға басымдық берілуге тиіс.
  • Жанармайдың мұнай өңдеу зауыттарынан өңірлердегі сақтау орындары мен жанармай құю станцияларына дейінгі оңтайлы логистикасын қамтамасыз ету, егін егу және жинау науқаны кезінде ЖЖМ тасымалдау үшін теміржол тарифтерін төмендету мәселесін қарау, сондай-ақ бағаның негізсіз өсуіне және мұнай өнімдерінің сыртқа тасымалдануына жол бермеу үшін мұнай базалары мен ұсақ жанармай құю станцияларына бақылау жасау жөніндегі өңірлік комиссиялар құру.
  • Өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету бойынша жергілікті жерлерде бөлшек сауда бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мәселесін алдын ала пысықтау және қатты отынды шалғай аудандарға жоспарлы түрде жеткізу бойынша шұғыл шаралар қабылдау.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама