Halyq Uni логотип
×

Теңге орнына доллар: Ұлттық қордан балалардың есепшотына бөлінетін қаражат туралы тың дерек айтылды

2024 жылдан бастап инвестициялық табыс барлық балаға аударылады

 Дәурен Ерболат 06.09.2022 | 13:48
Теңге орнына доллар: Ұлттық қордан балалардың есепшотына бөлінетін қаражат туралы тың дерек айтылды
коллаж: Halyq Uni

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың арнаулы есепшотына аударуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, 3 мың доллар бұл орташа есеппен айтылған қаражат болып саналады.

«Сіздер президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай айтқан мәліметке сілтеме жасап отырсыздар. Бүгінде бұл көрсеткіш қосымша есептеліп жатыр», - деді Әлібек Қуантыров Үкімет отырысынан соң.

Министр бөлінетін қаражат сомасы 2024 жылы баланың жасына қарай есептелетінін атап өтті.

Аталған жүйе 2024 жылдан іске қосылады. Осы кезде аталған жүйеде бала бір немесе екі жыл ғана (18 жасқа толғанда) болуы мүмкін. Бұл тұрғыда есепшотқа аударылатын қаражат сомасы да аз болады, - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ Әлібек Қуантыров ұлттық қор табысы балалардың есепшотында доллармен есептелетінін жеткізді.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында Балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылатынын мәлімдеді. Осыған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады.

Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша, елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотына кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама