Ен байлыққа қосымша салық салынады - Тоқаев
Жаңа салық табысы орта азаматтарға салынбайды
Салық реформасы аясында «байлық салығын» енгізу маңызды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Өркениетті сауданы дамыту үшін ақылға қонымды мөлшерлеме және қарапайым рәсімдермен бөлшек салықты қолдануды кеңейту қажет. Салық реформасы аясында «байлық салығын» енгізу маңызды. Ол қымбат жылжымайтын мүлікті, көліктерді сатып алғанда алынады және орта тапқа әсер етпейді», - деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі негізінен, құны қымбат люкс модельді автокөлік құралдарына, мысалы, Aston Martin, Bentley, Ferrari, Lamborghini, Maserati (белгіленген тізбе бойынша), оның құнына (белгіленген шектен жоғары) және шығарылған жылына қарай көлік құралдары салығының мөлшерлемелеріне коэффициенттер енгізу жолымен және тіркеу алымының мөлшерлемесін арттыру арқылы жоғары салық салу мәселесін қарауды ұсынған еді.