Соңғы 3 айда Ұлттық банк интервенциясы 10 млрд долларға жеткен
Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Аманжан Жамалов Ұлттық банк валюта нарығында алыпсатарлар пайдасы үшін оңды-солды интервенция жасап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның сөзінше, былтыр қараша мен желтоқсан айларында валюталық сауда-саттық көлемі 3,6 және 4,2 млрд долларды құрады. Биылғы 12-31 қаңтар аралығында – 2,5 млрд доллар. Барлығы соңғы 3 айда – 10 млрд доллар. Бұл валюталық сауда-саттық бойынша ел тарихындағы орасан зор көлем. Ал Ұлттық банк осы сауда-саттықтың басым бөлігіне араласқан.
Депутат келтірген мәліметте теңге бағамын ұстап қалу үшін биыл 12 және 13 қаңтарда Ұлттық банктің валюталық интервенцияларының көлемі 240 млн долларды құраған. Ал бұл жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 50%-ы. Ұлттық банк валюталық интервенцияларды былтыр қараша мен желтоқсанда да жүргізген. Олар бойынша сальдо 500 млн долларға жуық болыпты.
Ал өткен айдағы валюталық интервенциялардың толық дерегі әлі жарияланбаған.
Интервенция көлемі Денсаулық сақтау немесе Білім және ғылым министрліктерінің шығындарына тең. Бірақ интервенциялар кімнің мүддесі үшін жасалып, резервтер кім үшін жұмсалып жатыр? Ол импорттық мәміле үшін емес, алыпсатар тудырған сұранысты қанағаттандыру үшін жасалды. Былайша айтқанда, ақшасы барлар долларды Ұлттық Банк есебінен төмен бағамен сатып алды. Ол қаржы ендігі шетел асып кеткен де шығар. Бірақ резервтеріміз неге алыпсатарлардың сұранысын қанағаттандыру үшін жұмсалады? Бұл қандай монетарлық саясат өзі?, - дейді депутат.
Оның сөзінше, резервтер елдің қажеттілігі үшін жеткілікті импорт көлемін қамтамасыз етуге және сыртқы қарыздар бойынша төлемдерге кепілдік беруге қажет. Осының өзі-ақ валюталық бағамды тұрақтандыратын мықты фактор.
«Тіпті нарықтың кәсіби өкілдерінің өзі де теңге бағамы не нәрсеге тәуелді екенін түсінбейді. Мұнай бағасы өссін, түссін – бәрібір, курс өзгермейді немесе мүлдем басқа бағытқа кетеді. Ұлттық банк валюта нарығына араласады, бірақ нені көздейтінін түсіндірмейді. Ешкім валюта бағамын болжай алмайды. Сондықтан, жұрт үнемі девальвацияны күтумен жүреді», – дейді Жамалов.
Сондықтан мәжілісменнің айтуынша, Ұлттық банк Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, валюта нарығындағы алыпсатарлықты тоқтату бойынша шаралар әзірлеу қажет. Сондай-ақ валюталық интервенциялар туралы деректерді күнделікті жариялап отыруы керек. Әрі Қаржылық мониторинг агенттігі соңғы 3 айдағы валюталық интервенциялар туралы ақпаратты талдауы қажет.