«Банктер 1-2 пайызбен несие алып, шаруаларға 25 пайызбен береді». Жигули Дайрабаев Агробанк құру туралы айтты
Отандық ауыл шаруашылығы техникалары 2 есе қымбаттап кеткен
Екінші деңгейлі банктер 1-2 пайызбен ақша алып, оны шаруаларға 25%-ға дейін өсіріп несие ретінде береді. Түптеп келгенде, бізде фермерге қолжетімді несие жоқ. Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев мұны Halyq Uni ютуб-арнасына берген сұхбатында айтты.
«Шаруаларға субсидиясыз өмір сүру мүмкін емес. Қазір субсидияның төңірегінде түрлі пікір айтылып жатыр. Негізінен стратегиялық, жаһандық мәселелерге қарауымыз керек. Банктер егін егесің бе, мал бағасың ба, ауылда тұрып жолыңды жөндейсің бе, суыңды қазасың ба – ешқайсымен шаруасы жоқ. Олар тек ақша табуды ғана біледі», - дейді Жигули Дайрабаев.
Оның ойынша, шаруалармен тікелей жұмыс істейтін Агробанк ашу керек.
Бізде әр түрлі формадағы 10-15 қор бар. Баяғыда «ҚазАгроға» қарасты 7 үлескер компания болған. Жетеуінен қазір үшеуі қалды. Үшеуін «Бәйтерек» холдингіне апарып қосты. Онда да бәрі керемет болып кетті деген әңгіме жоқ. Олар да өз мөлшерлемесін қояды. Айналып келіп, бәрі сол шаруаның мойнына түседі. Былтыр ма, алдыңғы жылы ма екен, Аграрлық несие корпорациясы жылды 22 млрд теңге табыспен аяқтадық деп есеп берді. Осынша табыс табатындай не істеп жатыр? Барлығы пайыздық мөлшерлемемен фермердің мойнына түсіп отырған дүние, – дейді маман.
Жигули Дайрабаевтың айтуынша, маңғыстаулық шаруалар үшін 7-8 млн теңге несие алу мұңға айналған. Бір ай папка арқалап жүріп, 34 құжат жинайтын болған.
Одан кейін оларға (банктерге) кепіл керек. Ауылдағы үйіңді, қора-жайыңды ешкім алмайды. Қалада, болмаса аудан орталығында әдемі күмбез үйің болу керек. Ондай үйім болса, несие алып нем бар?!, – дейді қауымдастық басшысы.
Оның сөзінше, тағы бір өзекті мәселе, дамыған мемлекеттерде жылына техника паркі 10%-ға дейін жаңартылып тұрады. Ал бізде 2-3%-дың төңірегінде. Оны еліміздегі 280 мың фермерге бөліп есептесек, 80-90 жыл кетеді.
Оның үстіне, техниканың бағасы қымбаттап кеткені де үлкен мәселеге айналған. Былтырғы отандық Есіл, Акрос, Полесье сынды комбайндар қазір екі есе, 54 млн теңгеден 100 миллионнан да аса қымбаттап кеткен.