Halyq Uni логотип
×

«Қоймада бір келі картоп жоқ». Жигули Дайрабаев шаруалардың басындағы қиындықты тізіп берді

Мал бордақылайтын орынның 95%-ы бос тұр

 Ербол Тұрымбет 29.08.2022 | 10:40

Қазақстанда жылына 8 трлн теңгеге жуық ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі. Ал мемлекет небәрі 370-400 млрд теңге субсидия береді. Бұл туралы Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев Halyq Uni ютуб-арнасына берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, Беларусь өзін азық-түлікпен 90%-ға дейін қамтып отыр. Жалпы аумағы 5,8 млн гектардай егістік жері бар. Ал Қазақстанда егістік алқабы одан 4 есе көп. Бірақ баға ай сайын өсіп барады.

Басқарма төрағасының айтуынша, мәселенің мәнісін анықтау үшін еліміздегі 165 ауданға талдау жүргізу керек.

Қаншасы ет, қаншасы сүт шаруашылығымен, қаншасы егіншілікпен айналысады. Соларға өңдейтін өндіріс орындарын ашу керек. Сонда Жаңаарқада өсірілген малын жүздеген шақырым жүріп, Қарағандыға, Жезқазғанға апарып саудалап жүрмейді, дейді маман.  

Айта кетейік, Сауда және интеграция министрлігі фермерлерге өнімін өткізуге қолайлы болу үшін көтерме-тарату орталықтарын салуға кіріскен еді. Жигули Молдахалықұлы оның да кемшілігін айтып берді. Себебі оның шаруалармен еш байланысы жоқ.

Екі жылдай уақыт бұрын Қарағандыда 24 млрд теңгеге сондай орталық салынды. Барып көрдік, 60 гектар жерді қоршаған, қарапайым сөзбен айтқанда, ірі қалалардағыдай үлкен бір супермаркет салып қойған. Бір бұрышына «Фермерлер орталығы» деп жазып қойыпты. Сол жерде 5 мың тонналық үлкен қойма тұр. Ішінде бір келі картоп-пияз жоқ, дейді ол.

Оның сөзінше, Сауда министрлігі тағы 270 млрд теңгедей қаражатқа осындай 14 орталық салуды жоспарлаған. Сондықтан көтерме-сауда орталығы деп ақшаны құр шашқанша, одан да тікелей фермерге беру керек.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда министрлік аталған көтерме-тарату орталықтарын салудан бас тартты.

Одан бөлек, маманның сөзінше, Қазақстан бойынша мал бордақылайтын 330-дай орын бар. Соның 95%-да мал жоқ, бос тұр. Себебі кезінде есепсіз салынып, мемлекеттің ақшасы бекер шашылған. Кезінде шетелден мал әкеліп, 62 мың тонна ет өткізу жоспарының да орындалмай қалғанын айтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама