Талапқа бағынбағандарды қатаң жазалаймыз – Әлихан Смайылов
Кейбір жанармай құю бекеттері лицензиядан айырылуы мүмкін
Өңірлерде дизель отынының тапшылығын «ұйымдастырып» отырған жанармай құю бекеттерін лицензиядан айыруы мүмкін. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов еліміздегі кәсіпкерлер кеңесінің отырысында айтты.
Жиын барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері қаралып, қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және тасымалдау мәселелерін, сондай-ақ құс, тұқым шаруашылығын және қант саласын дамытуды талқылады.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өз баяндамасында қазіргі уақытта АӨК-ті субсидиялау жүйесін реформалау бойынша рәсімдерді оңайлату, қолданыстағы бағыттарды оңтайландыру және субсидиялардың жаңа түрлерін енгізу, инновацияларды пайдалануды ынталандыру және ауылда кооперацияны дамытуды көздейтін жаңа тәсілдер әзірленгенін айтты.
Бұл ретте субсидиялаудың барлық бағыттары бойынша мемлекеттік қаражат алушылар үшін бақылау құралдары мен қарсы міндеттемелерді енгізу жоспарланып отыр.
Премьер-министр түзетулер пакеті шеңберінде өнімнің бір бөлігін ішкі нарықта сату бойынша міндеттемені қарастыру қажет екенін атап өтті.
«Біз ауылшаруашылық тауар өндірушілер субсидия алып, барлық өнімдерді экспортқа шығарып жатқанын көріп отырмыз. Яғни, кейбір позициялар бойынша тапшылық байқалады, ал бұл бағаның өсуіне әкеледі. Сондықтан өнімнің бір бөлігі ішкі нарықта сатылуы керек. Мұны өндіріс пен тұтыну көлемінің негізінде анықтау қажет», — деді Әлихан Смайылов. Үкімет басшысы салалық ведомствоға осы шараны пысықтауды тапсырды.
Отырыс барысында «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС бас директоры Фарид Абитаев тауар өндірушілердің коммерциялық банктерге тәуелділігі мәселесін көтерді, себебі аграршылар несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды автоматты түрде жоғалтуына байланысты қолдаудың жеңілдікті бағдарламаларына ауыса алмайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне бұл мәселені қысқа мерзімде пысықтау тапсырылды.
«Қазір “Атамекен” ҰКП-мен бірге кәсіпкерлерге қойылатын талаптар қайта қаралып жатыр. Субсидиялау ережелеріне сәйкес, бизнес тап болатын барлық түсініксіздіктер мен қайшылықтарды олардың көмгімен жою бойынша жұмыс жүргізу қажет. Мұны қысқа мерзімде жасау керек», — деді Әлихан Смайылов.
Бұған қоса отырыста «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС құрылтайшысы Болатбек Нәжметдинұлы тағы бір проблемалық мәселені көтерді. Оның айтуынша, өңірлерде жергілікті жанар-жағармай құю бекеттері дизель отынын транзиттік көліктерге құюды жөн көреді, ал төмендетілген бағамен алатын отандық машиналар отынсыз қалуда.
Жаңа төлем жүйесі дүйсенбіден бастап енгізілді. Талапқа бағынбаған жанармай құю бекеттерінің лицензиясын қайтарып алуға дейін жазалаймыз. Сондықтан бұл мәселе жақын арада реттеледі, — деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ отырыста «Алель Агро» АҚ басқарма төрайымы Рәзия Жатақпаева мен «АқсуҚант» ЖШС құрылтайшысы Қайрат Оразбеков өз ұсыныстарын айтты.
Талқылауды қорытындылай келе, Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы саласында жоспарланып отырған реформалардың негізгі міндеттері өнімділікті арттыру және соның есебінен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Бұл ретте тиімділікті арттыру үшін жаңа тәсілдер бизнес-қоғамдастықпен пысықталып жатыр.