×

Қазақстан Әзірбайжанға не сатады және не сатып алады?

Екі ел арасындағы сауда 3 еседен артық өсті

 Бауыржан Мұқанов 24.08.2022 | 15:55
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжанға ресми сапармен барды

Украинадағы қарулы қақтығыстар салдарынан батыс елдерінің Ресейге қарсы санкцияны күшейтті. Нәтижесінде Ресей контрсакнция ретінде қазақстандық мұнайдың басым бөлігі тасымалданатын Каспий Құбыр Консорциумын бірнеше рет бөгеп тастаған. Салдарынан Қазақстан мұнай экспортына Ресейді айналып өтетін баламалы жолдарды дамытуға күш салуда. Соның бірі Транскаспий дәлізі.

Бұл дәліз Қазақстаннан Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан, Грузия арқылы Түркияға, одан ары Еуропаға шығады.  

Осы орайда, Halyq Uni Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы сауданың жыл басынан бері қаншалықты өзгергенін зерттеп көрді.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, екі ел арасындағы сауда 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 194,1 млн АҚШ долларын құрады. Бұл былтырғы алғашқы жартыжылдықпен салыстырғанда 3,1 есеге көп. 

Соның ішінде Қазақстан Әзірбайжанға астық экспортын 11,6 есе, мұнай өнімдерін 2,7 есе, электрлі темір жол локомотивтерін 6,4 есе көбейткен. Сонымен қатар 7,5 млн долларға рельс, 5,3 млн долларға қара металл сынықтарын, 3,4 млн долларға минералды тыңайтқыштар сатқан.  

Жалпы экспорт көлемі 155,4 млн доллар болса, соның ішінде 86,6 млн доллар өңделген өнім, қалған 68,8 млн доллар шикізат. Былтырдан бері Қазақстаннан Әзірбайжанға экспорт 44,2 млн доллардан қазіргі 155,4 млн долларға жетіп отыр. 

Ал Әзірбайжаннан Қазақстанға импорт 38,7 млн долларды құрады. Соның ішінде 35,1 млн доллар өңделген өнім болса, қалған 3,6 млн доллардың өнімі шикізат. Импорт көлемі былтыр небәрі 18 млн доллар болғанын естеріңізге саламыз.

Бүгінде Қазақстанда әзірбайжандық капиталдың қатысуымен 200-ден астам компания тіркелген болса, Әзірбайжанда 145-ке жуық қазақстандық компания жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама