Тоқаев шетелге заңсыз шығарылған ақшаны екі ай ішінде елге қайтаруды тапсырды
Бұл ретте шетелде сатып алынған активтерді елге қайтару мәселесі де қарастырылған
Президент үкіметтің кеңейтілген отырысында шетелге заңсыз шығарылған ақшаны қайтаруды тапсырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Үкіметке заңсыз түрде шетел асып кеткен қаржы мен сол жақта сатып алынған активтерді елге қайтару бойынша ұсыныстарды екі ай мерзімде ұсынуды тапсырамын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін депутаттар соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорларға шамамен 140-160 миллиард доллар шығарылғанын айтқан болатын.
Сондай-ақ осыған дейін Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде «қаржының офшорларға кетуіне жол бермейміз» деген еді.
«Сіздер, болашақтарыңызды Қазақстанмен байланыстырсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге салыңыздар. Бұл – cіздердің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершіліктеріңіз. «Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді. Сондықтан жұмыс екі бағытта жүргізіледі: капиталды елге қайтарғаны үшін ынталандыру және қаражаттың офшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауылдар қою», – деген болатын Тоқаев.