Барлық өңірлерде мал азығын жинау жұмыстарын орындау барысының оң серпіні байқалады
Биыл мал азығына арналған егістік алқабы 500 мың гектарға ұлғайтылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы жануарларының мал басын азықпен қамтамасыз ету үшін азықтық дақылдардың егіс алаңдары 3,2 млн гектардан 3,7 млн гектарға дейін ұлғайтылды. Егістік жерлердің артуына еліміздің көптеген аймақтарында қолайлы ауа-райының болуы септігін тигізді. Бұл азық дайындау науқанның сәтті өтуіне ықпал етеді.
Жергілікті атқарушы органдар ұсынған жедел деректерге сәйкес, бүгінде 21 млн тонна шөп дайындалды. Бұл жоспардың 87,3 пайызын құрап отыр. Ал жоспар 24,1 млн тоннаны құрайды. Тұтастай алғанда, барлық өңірлерде мал азығын жинау жұмыстарын орындау барысының оң серпіні байқалады, – деді министр.
Бұған қоса ол 22 тамыздағы жағдайы бойынша пішендеме дайындау 1,2 млн тоннаны немесе 90,6 пайызды, сабан 1 млн тоннаны немесе 27,4 пайызды, құнарлы азық 918 мың тоннаны немесе 17,6 пайызды және сүрлем 192 тоннаны немесе бұл жалпы жоспардың 11 пайызды құрайтынын айтты.
«Айта кету керек, бұл азық түрлерін дайындау негізінен қыркүйек пен қазан айларында жүргізіледі. Жалпы, министрлік азық дайындау барысына тұрақты мониторинг жүргізіп отыр», - деді Ербол Қарашөкеев.