×

Брекешев ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуде мәселе туындамайтынын айтты

2025 жылға дейін елімізде 9 ірі су қоймасы салынады

 Дәурен Ерболат 23.08.2022 | 09:38
Фото: inbusiness.kz

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев өнеркәсіп орындары мен ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуде мәселе туындамайтынын айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстанда ұзындығы 21,5 мың шақырым болатын 3,5 мың су каналы бар. Оның 11,9 мың шақырым қайта құру бойынша жұмыстар жүргізіледі.

«Мәселен былтырға дейін 5,6 мың шақырым болатын каналды қайта жаңарттық. 2025 жылға дейін қалған 6,4 мың шақырым каналды қайта жаңғыртамыз. Нәтижесінде су шығыны шамамен 1,6 млрд текше метрге азаяды», - деді министр Үкімет отырысында.

Серікқали Брекешев гидротехникалық құрылыстарға тоқталды.

5 жыл бұрын Қазақстан бойынша 41 авариялық объекті болды. Оның 16-сы жөнделді. Биыл тағы 6 нысан қалпына келтіріледі. Қалған 19-ы 3 жылда қайта жаңартуды көздеп отырмыз. Бұл шамамен 800 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді, - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар 2025 жылға дейін Қазақстанда 9 ірі су қоймасын салынады.

«Олардың жалпы көлемі 1,7 млрд текше метр. Өткен жылы Түркістан облысында «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын пайдалануға берілді. Қалғандары бойынша бүгінде жобалау құжаттамасы әзірленіп жатыр», - деді Серікқали Брекешев.

Министрдің пікірінше, осы жұмыстардың нәтижесінде өнеркәсіп орындары мен ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуде мәселе туындамауы керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама