×

Қант бағасы бір жылда 87%-ға өскен

Өнімнің басым бөлігі Бразилиядан сатып алынған

 Дәурен Ерболат 19.08.2022 | 13:52
Фото: eldala.kz

Қазақстанда қант бір жылда 87%-ға қымбаттаған, деп хабарлайды Energyprom.kz.

Биыл қаңтар-маусымда Қазақстанда 149,1 мың тонна қант өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстынғанда 9%-ға көп.

Өндірістің ең үлкен көлемі Жамбыл облысына тиесілі. Өңір 96 мың тонна қант шығарып, өндіріс көлемін, өткен жылмен салыстырғанда 16,4%-ға ұлғайтқан. Облыстың республикадағы үлесі былтырғы 60,3%-дан 64,3%-ға артқан.

2022 жылғы қаңтар–мамырда жергілікті компаниялар қантқа сұранысты (ішкі нарықтағы сатуды және экспортты қосқанда) 57,1%-ға дейін қанағаттандырды. Өткен жылғы көрсеткіш – 48%.

Импорт үлесі 52%-дан 42,9%-ға дейін төмендеді. Қазақстанға 63,5 мың тонна қант жеткізілді. Көрсеткіш өткен жылғыдан 38,9%-ға аз. Ішкі нарықтағы сату көлемі – 25,6%-ға немесе 147,7 мың тоннаға төмендеді.

Биыл қаңтар–маусымда елімізге жалпы құны 126,4 млн доллар болатын 210,6 мың тонна қамыс қанты мен қызылша қанты, сондай-ақ қатты күйдегі химиялық таза сахароза импортталды. Нақты мәнде импорт көлемі 11,3%-ға төмендегенімен, ақшаға шаққанда керісінше 15,3%-ға артқан.

Қазақстан ТМД елдерінен 65,3 мың тонна қант пен сахароза импорттады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45,7%-ға кем.

Импорттың негізгі бөлігі Ресейден жеткізілген: 62,4 мың тонна, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 42,5%-ға төмендеді.

ТМД-дан тыс елдерден Қазақстан 145,3 мың тонна қант импорттады. Бұл өткен жылғыдан 23,9%-ға жоғары. Қанттың басым бөлігі яғни 107,7 мың тоннасы Бразилиядан жеткізілді.

Биыл шілдеде елімізде қанттың 1 келісі орташа есеппен 537 теңге болды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 86,6%-ға қымбат.

Қант бағасының қымбаттауын негізінен Жамбыл облысының тұрғындары сезінді: баға былтырғыдан 2,2 есе өсті. Кейін тізімде Алматы қаласы мен Қарағанды облысы тұр. Бағаның ең аз өсуі елордада байқалды: плюс 58,3%.

Қазақстандағы ең қымбат қант – Алматы (581 теңге), Қонаев (555 теңге) және Атырау (554 теңге) қалаларында, ал төмен баға –Ақтөбеде (449 теңге).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама