Қант тапшылығы неден болғанын тергеу анықтайды – Серік Жұманғарин
Мемлекеттен бөлінген қомақты қаржы қант зауыттарына жетпеген
Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қант тапшылығы неден пайда болғанын тергеу анықтайтынын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бүгінде қант нарығында заң бұзу белгілері байқалып отыр. Монополияға қарсы орган тергеуді бастады. Қант бойынша айналым схемасына айтарлықтай көп қаражат бөлдік. Көктемгі дала жұмыстарына 140 млрд теңге бөлінген болатын. Айналым схемасына 100 млрд теңгеге жуық ақша бөлінді. Неге бұл қаражат қант зауыттарына жетпеген? Анық-қанығына жету керек, - деді министр Үкімет отырысынан соң.
Серік Жұманғарин қант нарығында монополия орнатуға әрекет еткен компания барын айтып қалды.
«Ол бойынша қазір тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Соның қорытындысы шығуы керек. Ол шикі қантты сатып алуға, өндіруге ақша берген. Енді ақша берген адам 90% қантты сатамын деп өзіне алып алған. Әрине, бұл –бизнес. Неге осылай болғанын түсінуіміз керек. Проблема неге туындады? Неге айналым сехмасына берілген 100 млрд теңге әкімшіліктен бірден зауыттарға бармады? Заңсыздық белгісі бойынша тергеу басталды. Қорытындысын монополияға қарсы орган айтуы керек. Ол «КаИс Инвест» деген компания», - деді ведомство басшысы.