Шетелдік инвесторлар Қазақстаннан $200 млн инвестициясын кері алып кеткен

Ербол Тұрымбет

Бұл үш айдың ғана мәліметі

Коллаж: Halyq Uni

Биылғы І тоқсанда елімізден 197 млн доллар тікелей инвестиция шетелге әкетілген. Ол былтырғы I тоқсанмен салыстырғанда 40% аз. Ол кезде инвесторлар 332 млн долларын кері алып кеткен еді. Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетінің ресми жауабына сенсек, бұл жыл басындағы үш айдағы ғана көрсеткіш.

Комитет дерегінше, I тоқсанда біздің нарыққа салынған тікелей шетелдік инвестиция былтырғы салыстырмалы кезеңге қарағанда 4,5 млрд доллардан 6,9 млрд долларға дейін, яғни, 54% өскен. Соның ішінде 51%-ы тау-кен өнеркәсібіне, қарапайым тілмен айтқанда, мұнай мен басқа да қазба байлықтарымызды өндіру саласына келген.

Инвестициялық жобаларға келсек, 2021 жылы бұрыннан жоспарланып келе жатқан шетелдік үлесі бар, жалпы құны 3,6 млрд доллар болатын 44 инвестициялық жоба іске асырылған. Оның ішінде ең ірі деген бес жобаның екеуін – Қызылордадағы шыны өндіру және өңдеу зауыты мен Жаңатас жел электр станциясын Қытай компаниялары қаржыландырды. 

Айта кетейік, шетелдік инвесторлар дамушы елдердің нарығынан соңғы бес айда тоқтаусыз қаржысын алып кету әрекеті байқалған. Оны Халықаралық қаржы институты деректеріне сілтеме жасап, Financial Times жазған еді. Басылым жазуынша, әкетіліп жатқан инвестиция көлемі 2005 жылдан бері болмаған жағдай, әлем кәсіпкерлері 38 млрд долларын кері қайтарып алған. Әрі инвестицияларын әкету жағдайларының тарихта болмаған, ең ұзаққа созылған кезі екен. Пандемиядан кейін экономикалары қалпына келеді деген елдердің өзінен инвестициялар сыртқа жылыстаған. Ал негізгі себебі ретінде халықаралық сарапшылар дамушы елдердің экономикасындағы рецессия мен пайыздық мөлшерлемелердің өсуін атаған.