Мұнда отандық және шетелдік тауарлардың сапасы тексеріледі
Қазақстанның әр өңірінде талапқа сай келетін, заманауи жабдығы бар зертхананы ашу үшін шамамен 1 млрд доллар керек. Бұл туралы Ұлттық аккредиттеу орталығы Әдіснама және нормалау департаментінің басшысы Алмат Орынғалиұлы айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
Бүгінде елімізде барлығы 1500 зертхана бар. Оның 944-і тіркелген.
Алайда зертханаларда пайдаланылатын құралдардың 60%-ы Ресейде жасалған. Жабдықтардың 30%-ы 15 жылдан асқан. Сондықтан бұл құралдарды жаңарту керек, - деді Алмат Орынғалиұлы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Басшы зертханаларға жаңа құралдарды сатып халықтың қауіпсіздігі үшін маңызды екенін атап өтті.
Зертханалар қазақстандықтарға сапалы өнімді тұтынуға мүмкіндік береді. Олар маңызды құрал болып саналады. Халықтың қауіпсіздігін сақтау үшін керек. Себебі, зертхана болмаса, шетелден келетін өнімнің сапасын анықтай алмаймыз. Оған қатысты мәлімет те болмайды, – деді басқарма директоры.
Алмат Орынғалиұлы әр облыста талапқа сай келетін орталықты ашу үшін қомақты қаражат керегін атап өтті.
Біз есептеулерді мемлекеттік органдардың көмегімен жүргіздік. Түрлі министрліктерге қарайтын зертханалар бар. Олардың дерегіне жүгінсек, әр облыста барлық қажеттілікті қанағаттандыратын зертхана орталығын ашу шамамен 1 млрд доллар керек. Ал 944 зертханаға қажет құралдарды сатып алсақ, баға бұдан да жоғары болуы мүмкін, – деді басшы.