×

Ең ірі латифундист: Ақтөбе облысында игерілмей жатқан жер мемлекетке қайтарылды

Тағы 5 млн гектарды қайтару жоспарланған

 Бауыржан Мұқанов 10.08.2022 | 13:14
Коллаж: Halyq Uni

Пайдаланылмай жатқан және Қазақстан заңнамасын бұзу арқылы берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі жұмыс комиссиясы ұзақ мерзімді және тұрақты түрде жұмыс істейді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Комитеттің хабарлауынша, 2022 жылдың басынан бастап 5 тамызға дейін республика бойынша 1 млн 991 мың га жерге қатысты 668 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 993,6 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Бұл жер 1 302 субъектіге тиесілі болған.

Сондай-ақ 707,5 мың га алаңда 45 материал құқықтық статистика жөніндегі уәкілетті органда тіркеу сатысында тұр.

Комитеттің мәліметінше, мемлекет меншігіне қайтарылған жердің ішінде бір тұлғаға тиесілі ең үлкен жер учаскесі Ақтөбе облысының Байғанин ауданы әкімдігінің қаулысымен заңды тұлғаға табысталған. Нақты кімдерден қанша гектар жер телімі қайтарылып алынғаны туралы ақпаратты ведомство «құпия» деп атап, беруден бас тартты.

 «2022 жылдың 3, 12 мамыры және 13 маусымында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Жұмыс комиссиясының отырысы өтті. Бұл комиссия шеңберінде 2022 жылдың аяғына дейін пайдаланылмай жатқан және жер заңнамасын бұзу арқылы берілген 5 млн гектарға жуық жерді мемлекеттік меншікке қайтару жоспарланған», – деп жауап берді құзіретті орган.

2022 жылдың 4 мамыры және 29 маусымында ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мәселелері бойынша Ауыл шаруашылығы министрінің тиісті бұйрығы қабылданды. Ол «жаппай қатерге» байланысты Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері 2 584 субъектіге қатысты тексеру жүргізеді. Тексерілетін жердің жалпы аумағы – 7,45 млн га. Оның ішінде егістік алаңы – 585,2 мың га, жайылым – 6,86 млн га.

Сондай-ақ Қазақстан заңнамасын бұзу арқылы берілген жерлерді анықтау және қайтару мақсатында министрлік 2022 жылдың екінші жартыжылдығында тағы да тексеру жүргізеді. Жер учаскелерін берудің заңдылығын, мемлекеттік жер кадастрын жүргізудің дұрыстығын жер заңнамасы нормаларының сақталуы тұрғысынан 98 мемлекеттік мекемені және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның филиалдарына тексеру жүргізу жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін биыл қайтарылып жатқан және былтыр қайтарылған ауыл шаруашылық жерлері туралы жазған едік

Серіктес жаңалықтары

Сараптама