×

«Аристондар қаласы». Сенатор Көкшетаудағы ЖЭО құрылысын жеделдетуге шақырды

Сенат депутаты құрылыстың әдейі созбаққа салынғанына сенімді

 Ербол Тұрымбет 03.02.2022 | 13:46
коллаж: Halyq Uni

Ақмола облысы орталығында жылу электр орталығы жоқ. Соның салдарынан ел ішінде Көкшетау қаласы «аристондар қаласы» деп аталып кеткен. Сенат депутаты Нұрлан Бекенов қалаға ЖЭО салуды жеделдету керектігін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Сенатордың айтуынша, қалада нысандардағы жылу қазандықтары әбден ескірген. Соңғы үш жылдың өзінде қазандықтарды жұмысқа жарамды күйде ұстап отыру үшін облыс бюджетінен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Ал қала дамып келеді. Жаңа тұрғын үй алаптары пайда болып жатыр. Мысалы, бес жыл бұрын 90 мың шаршы метрге дейін баспана салынатын болса, қазір қарқын үдеп, 250 мыңға жетті. Оның бәрі сапалы әрі үздіксіз жылуға мұқтаж. Ал жылудың тапшылығы баспана құрылысының тоқтауына әрі бекітілген жоспардан кешігуіне әкеледі, - дейді сенатор.

Мамандардың болжамынша, 2025 жылға қарай жылуға деген мұқтаждық салмағы сағатына 450-ден 590 гигаколорияға дейін ұлғаймақ. Қазіргі аудан деңгейінде ғана өндірілетін электр қуаты қалаға жетпейді.

Тағы бір жағымсыз жайт, электр энергиясының бағасы. Көкшетау электр энергиясын өзге облыстардағы өндірушілерден алады. Сағатына 1 киловаты 30 теңгеден астам. Бұл бүкіл ел бойынша ең қымбат тарифтердің бірі.

«ЖЭО ҚҰРЫЛЫСЫН ӘДЕЙІ КЕШІКТІРІП ОТЫР»

Сенатордың сөзінше, Үкімет 2014 жылы қалада ЖЭО салу жобасын Отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына қосқан. Алайда, республикалық бюджеттің шектеулігінен әрі сол уақыттағы елімізде электр қуатының профицитінен Энергетика министрлігі жергілікті деңгейде жеке инвестиция есебінен жүзеге асыруды ұсыған. Ал Ақмола облысы әкімдігі 2014-2020 жылдар аралығында сол жобаны іске асыруға бірнеше рет талпынғанымен ештеңе өнбепті. Жобаның қымбатшылығы мен ауқымдылығы себебінен қызыққан инвесторлар мемлекеттік қолдау мен кепілдік жоқтығын айтып бас тартқан.

Бұл мәселеге қатысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Үкіметке тапсырма берген. Ал Үкімет бекіткен жол картасы бойынша ЖЭО бірінші кешенінің құрылысы 2026 жылдың қазан айында ғана басталады.

Жобаның республикалық дәрежеде екеніне қарамастан оның жүзеге асуын әдейі созбаққа салып отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі бойынша келісімге қол қоюдың өзі 2023 жылға жоспарланған. Қалада қазірдің өзінде электр энергиясы тапшылығы сезіліп, тұтыну көлемі өсіп жатқандықтан ЖЭО құрылысының мерзімін қысқарту керек. Оған облыстың мүмкіндігі жетпейтіні әлдеқашан белгілі болды. Сондықтан жобаның жүзеге асуын жеделдету керек, - деді сенатор Н. Бекенов

Серіктес жаңалықтары

Сараптама