Орталық мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар деңгейінде шешілуі керек 140 мәселе бар
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қазақстандықтардың әкімдермен кездесуі барысында көтерген мәселелерін шешу үшін 515 млрд теңге керектігін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айуынша, биыл 3 наурызда президент барлық деңгейдегі әкімнің халықпен тұрақты кездесулерінің жаңа форматын бекіткен.
Әкімдіктер мәслихаттармен келісе отырып, 2022 жылға арналған кездесулердің икемді күнтізбелерін бекітті. Онда барлық деңгейдегі әкім бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 594 мың адамның қатысуымен 8,5 мыңға жуық кездесу өткізді. Тұрғындар тарапынан тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым, абаттандыру, жер, экология, жолдарды реконструкциялау, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу мен тұрғын үй және тағы басқа мәселелер бойынша 29,2 мыңнан аса ұсыныс пен сұрақ түсті, - деді министр Үкімет отырысында.
Әлібек Қуантыров жергілікті атқарушы органдармен кездесу нәтижесінде 12,6 мың мәселе шешімін тапқанын атап өтті. Бірақ ол халық көтерген мәселелерді шешу үшін қомақты қаражат керектігін жасырған жоқ.
Әкімдіктердің бақылауындағы мәселелерді шешу үшін 515 млрд теңге қажет. Өңірлер бюджеттерді түзету шеңберінде 149,2 млрд теңге немесе қажеттіліктің 29% қарастырды. 6 өңірде жергілікті бюджет қаражатымен қамтамасыз ету деңгейі орта республикалық деңгейден аз. Ең төмен көрсеткіш Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарына тиесілі, - деді ведомство басшысы.
Министр орталық мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар деңгейінде шешілуі керек 140 мәселе барын жеткізді.
«Мәселенің басым бөлігі республикалық бюджеттен қаржы бөлуге келіп тіреледі. Оның ішінде өңірлерде 18 мәселе бойынша қажетті құжат жоқ. Бірнеше кезеңде қаржыландыруды қажет ететін 22 ірі жоба бар. Сондай-ақ биыл мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін республикалық бюджеттен 102,9 млрд теңге қарастырылған», - деді Әлібек Қуантыров.