Алматы мен астанада сәуірден бастап үй арзандап кетті
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар-маусым аралығындағы үй саудасы былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 5,6 пайыз азайып кеткен. Сауданың азаюына бірінші кезекте зейнетақы жинақтарына үй алу әсер етті. Естеріңізде болса, биыл сәуір айынан бастап шекті соманы көтерген еді.
Тиісінше, жыл басынан бастап сәуір айына дейін үй бағасы жоғары қарқынмен өсті. Соңғы айларда азаматтар артық қаражаттарына үй алып қалуға тырысты.
Осы орайда, Halyq Uni елдегі жылжымайтын мүлік сатуға арналған порталдардың мәліметтерін негізге алып бағаның қаншалықты өзгергенін анықтап көрді.
Мәселен, Алматы 1 бөлмелі үйлер жыл басында шаршы метрі 636 теңгеден сатылса, сәуір айының ортасына дейін бірден 684 теңгеге дейін қымбаттады Алайда тамыздың бағасына дейін қайтадан біртіндеп төмендеп, қазір шаршы метріне 670 мың теңгені құрап отыр.
Ал көпбөлмелі үйлер жыл басында шаршы метріне 610 мың теңгеден сатылса, сәуір айында 670 мың теңгеге жетті. Алайда тамыздың басына дейін қайта төмендеп, 640 теңгенің айналасында саудалануда.
Астанада бір бөлмелі пәтерлер бағасы ең тұрақсыз. Жыл басында шаршы метрі орташа есеппен сатылған бір бөлмелі үйлер сегіз ай бойы бір қымбаттап, бір төмендегенімен, жалпы осы аралықта өсіп, 456 мың теңгеге жетті.
Нұр-Сұлтан қаласында көпбөлмелі пәтелер жыл басында шаршы метріне 545 мың теңгеден саудаланды. Наурыз-сәуір айларында ең жоғарғы мәніне жетіп, 570 мың теңгені құраса, тамыздың басына дейін қайта арзандап 554 мың теңгенің айналасында сатылып жатыр.
Байқағанымыздай, сәуірден бастап баға бірден төмендеп кетті. Осыған қарап кей сарапшылар үй бағасы енді бірдіндеп арзандайды деп қорытынды шығаруға асыққан. Алайда жылжымайтын мүлік саласының маманы Жеңіс Шәріпұлы үй бағасы арзандайды дегенмен келіспейді.
«Мүмкін, бір-екі айлық 0,1-0,2 пайыздық арзандау болған шығар. Бұл бар болғаны зейнетақы қорындағы қаражаттан ақша алғаннан кейінгі нарықтың сабасына түсуі ғана. Шын мәнінде қазір елде барлық салада инфляция. Құрылыс материалдары, соның ішінде арматура, бояулар секілді кей тауар түрлері тіпті екі есе қымбаттап кетті. Күнделікті тұрмыстық тауарлар қымбаттағанлдықтан құрылысшылардың жалақыларын да көтеру қажет. Осының бәрі құрылыс бағасын қымбаттады. Жаппай инфляция кезінде үй бағасы қайдан арзандасын?» – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, келесі жылы «7-20-25» бағдарламасының тоқтауы да үй бағасын арзандатпайды.
«7-20-25» бағдарламасы келесі жылы аяқталады. Сол кезде сұраныс азайып баға төмендейді деушілер бар. Алайда бұл бағдарлама нарықтағы үй саудасының бар болғаны 20 пайызын ғана қамтиды. Яғни, келесі жылы үйге сұраныс 10-20 пайыз азаюы мүмкін, бірақ қазір құрылыстың да саны азайып кетті, дейді ол.
Жеңіс Шәріпұлының айтуынша, 2015-2019 жылдары нарықта жаңадан салынып жатқан үйлер саны сұраныстан 20-30 пайыз көп болатын.
«Ал қазір құрылыс азайды, сұраныстан артық үй салынып жатқан жоқ. Бұл үрдіс те зейнетақы қаражатын алудан басталды. Сол кезде құрылыс компаниялары салып жатқан үйлерінің барлығы сатылып кеткен еді», дейді.
Сарапшының айтуынша, нарықта жаңа үй тапшылығы болған кезде халық қайталама нарыққа жүгінеді. Бұл өз кезегінде қайталама нарық үйлерінің де бағасын көтермек.
Оның болжамынша, жыл соңына дейін үй бағасы 5 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін, ал алдағы бір жылда баға 10 пайызға дейін бір-ақ шарықтамақ.