Halyq Uni логотип
×

"Кәдімгі бизнеске айналдырып алған". Экономист Ресейден келіп жатқан рубльдің тым көптігін айтты

Қазақстанда қазір жарты триллион рубль бар

 Ербол Тұрымбет 07.08.2022 | 11:50
Коллаж: Halyq Uni

Ресейліктер Қазақстанға келіп, рубльдерін өткізіп, доллар сатып алып жатыр. Соған қатысты кей экономистер елімізде рубль айырбасы көлемін шектеу керек деген пікір айтып жүр. Сол дұрыс па? Қанша көлемде шектеу керек? Әлде керек емес пе? Біз осы сұрақтарға қатысты экономист Мақсат Халықтың пікірін білдік.

Сарапшының сөзінше, қазір Ресейден рубль өте үлкен көлемде келуде. Және де ол ешкімге керек емес, ештеңе сатып ала алмайтын рубль. Енді сол банктерде жиналып қалған рубльді Ресейге апарып өткізу жөнінде келісім болып жатқанын айтады. Бірақ қалай өткізетінін елестете алмайды.

Өйткені, бізде негізінен, жиналып қалғаны қолма-қол ақша. Оның көлемі қазір жарты триллион рубль деп айтылады. Теңгемен есептесек, 3,5-4 трлн теңгеге жуық қаражат. 

Оның бәрі жәй келіп жатқан жоқ. Ресейде артық ақша бар, Орталық банкі рубльді көптеп басып шығарып жатыр. Ең қызығы, сол рубль біздің елде айырбасталады. Олар бізге әкеледі де теңге, одан соң доллар сатып алады. Сосын ол долларды өздеріне апарып, қара нарықта сатады. Оны кәдімгі бизнес көзіне айналып бара жатыр деуге негіз бар, дейді Мақсат Халық.

Оның пікірінше, бізде осынша рубль жиналып жатса, демек ресейліктер оны кәдімгі кәсіпке айналдырып алған. Өздерінде доллар небәрі 60 рубль тұрады. Бірақ бізге келіп сатып алып, сол долларды апарады да 100 рубльден сатады. Сондықтан да шектеу қою мәселесіне келгенде, оны дұрыс деп ойлайды.

Өткенде депутаттардың арасында да нақты бекітілген курс қояйық деген сияқты осы мәселе айтылған. Бірақ бекітілген курс қойсақ, біз қайтадан еркін айналымда болмай қаламыз. Ол қалай болады? Онда Ұлттық банк алтын валюта қорымыздың жанынан рубль қорын жинауы керек шығар? Оған тіпті, интервенция жасап тұру керек шығар? Мінекей, осындай түсініксіз жайттар пайда болады, дейді маман.

Сол үшін бекітілген курсқа қайтпаған да дұрыс деген пікір айтады. Соған қарамастан, рубль айырбасын шектеуді жүзеге асыруға болады деген ойда.

Оның үстіне, экономистің айтуынша, қалайда өз нарығымызды қорғауымыз керек. Себебі, қазір рубль бағамы біздің қазақстандық тауардың бағасын арзан қылып тұр. Сондықтан олар рубльмен келіп, ала алмаған импорттық тауарларын бізден алып жатыр. Қазір өз нарығымызды қорғай алмайтын жағдайда тұрмыз. Сондықтан ЕЭО келісімдерін тоқтатып, өз нарығымызды, отандық өнімді қолдаудың тетіктерін қарастыруымыз керек деген ойын білдірді.

Қарапайым мысал, өткенде Ресейге санкция салғанда Ресей де қарымта санкция салды. Сонда өз тауарларын біздің нарыққа да өткізбей қойды. Соның ішінде астық өнімдері, қант сынды жекелеген тауарларды шектеді. Ал біз өз нарығымызды қорғауға сондай шектеу қоя алмаймыз ба? Менің ойымша, осындай қарымта нарықтық саясат жүргізуіміз керек деп ойлаймын, деп қорытты сарапшы.

Айта кетейік, осыған дейін белгілі экономист Сапарбай Жобаев рубльдің күшеюі Ресей экономикасын шектейтінін, бізден көтере тауар әкетсе, оған қайғырудың қажеті жоғын айтқан.  
Ал доллар мәселесінде, оның айтуыншша, Ұлттық банктің рубльді теңгеге ауыстыру комиссиясын өте үлкен етіп қойғанын, сондықтан бізге онша зияны жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама