Екі станция біздің қалтамыздан жыл сайын 3 млрд доллар алады
Қазақстандық сарапшылар елімізде екінші АЭС құрылысын салуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Еске сала кетейік, Энергетика вице-инистрі Жандос Нұрмағанбетов Қазақстанда Курчатов қаласының маңайында Ертіс өзенінде АЭС салу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтқан болатын.
«Балқаш көлі - Қазақстандағы алғашқы атом станциясының орналасатын жері. Егер Қазақстан көміртектік бейтараптыққа көшетін болса, онда бірнеше станцияны салудан басқа амал жоқ. Ертіс өзені - сөзсіз перспективалы алаң. Бірінші станция құрылысының табысты басталуымен Қазақстанда қанша атом станциясы болады деген сұрақ туындайды. Бұл мәселеде тиісті талқылау жүргізіліп жатыр. Менің ойымша, Қазақстандағы екінші атом станциясы Ертісте Курчатов қаласының маңайында пайда болуы мүмкін. (...) Осы жылдың соңында - келесі жылдың басында біз тиісті ақпаратты енгіземіз», – деді Жандос Нұрмағанбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Қазақстанда 2013 жылы ведомствоаралық комиссия және жұмыс тобы құрылып, олар АЭС орналастырудың бірнеше әлеуетті орындарын мұқият және жан-жақты зерделегеннен кейін екі ауданды ұсынды. Олар – Шығыс Қазақстан облысының (қазіргі Абай облысы) Курчатов қаласы және Алматы облысының Үлкен кенті.
Ядролық физика маманы Әсет Махамбетовтің пікірінше, сала мамандарының алдын ала зерттеулері бұл екі алаңның АЭС салуға жарамдылығын растады.
«Аудандарды бағалау АЭС салу алаңын таңдау бойынша Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің басшылығында келтірілген критерийлер негізінде жүргізілді. Бірінші атом станциясын салу орны Үлкен кентінде таңдалғаны – энергетика жүйеміздің ерекшелігінен болды. Электроэнергиясына негізгі тапшылық оңтүстік өңірлерде күтіліп отыр. Сондықтан, АЭС-ты энергияға сұранысы жоғары аймақта құрастыру неғұрлым қолайлы болып табылады», – дейді ол.
Алайда, сарапшы Қазақстан билігі алдымен бір стансаны салып алған соң, екіншісі туралы айтуға болады деген пікірде.
«Жалпы елімізде бір мезетте екі үлкен АЭС салу туралы шешім қабылданған жоқ. Менің ойымша, бір жобаны толығымен бітіріп, оны іске қосқаннан кейін, екінші жобаға кірісуге болады. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді», – деп бекер айтпайды ғой. Мұндай стратегиялық жобаға үлкен жауапкершілік қажет», – деп толықтырды Әсет Махамбетов.
Энергетик, «KEGOK»-тің бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев Қазақстанда АЭС салуға қарсы. Оның пікірінше, атом энергиясы қолжетімді энергиялардың ішіндегі ең қымбаты. Сондықтан оны салуды қате шешім деп есептейді.
«Олар ақшаны екі бірдей стансаға жұмсау туралы шешім қабылдаған сияқты. Яғни, олар бұл ойлары жүзеге асырылған жағдайда біздің қалтамыздан жылына 1,5 млрд доллар емес, бірден 3 млрд алуды көздеп отыр. Бұл сан қайдан шықты? Соңғы аукционда күн энергиясының бағасы ҚҚС-сыз 12,87 кВтс/ теңгені құрады. «Росатомның» Аккую АЭС-нің соңғы қоғамдық жеткізілетін электр энергиясының келісім-шарт бағасы 12,35 АҚШ центін құрады. немесе 480 теңге курсы бойынша 59, 28теңге. Айырмашылық бес есе немесе 46,41 кВтс/сағатына», – деп жазды сарапшы фейсбукте.
Сондай-ақ ол екі станса үшін қазақстандықтар 3 млрд доллар төлейді деп отыр. Салық төлеушілердің бұл қаржысының қызығын ресейлік банктер көреді деп есептейді.
«Атом энергиясын мемлекет, яғни салық төлеушілер емес, тұтынушылар қуат нарығы арқылы субсидиялайды деп күтіліп отыр. Екі гигаваттық блогы бар АЭС жылына шамамен 15 млрд.кВтс өндіретін болады. Олардың әрқайсысы үшін біз 46,41 теңгені, яғни жыл сайын 696 млрд. теңгені немесе 1,5 млрд долларды артық төлейміз. Ал екі станция біздің қалтамыздан жыл сайын 3 млрд доллар алады. Бұл пайда жобаның құрылысшысы Росатом мен Ресей банктеріне түседі. Яғни, атомшыларымыз миллиардтап табыс табады, ал біз көптеген жылдар бойы Росатом мен қандай да бір ВТБ ақш төлейміз. Сондықтан биліктің АЭС туралы шешімнің қате екенін мойындайтын кез келді», – деп толықтырды Әсет Наурызбаев.