Ерлі-зайыптылар бірлескен зейнетақы аннуитетін қалай рәсімдейді?

Ербол Тұрымбет

Жаңа заң қыркүйекте қолданысқа түседі

Сурет: ашық дереккөзден

Заң бойынша ерлі-зайыптылар мен жақын туыстарға зейнетақы жинақтарын біріктіріп, зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, зейнеткерлікке ерте шығуына мүмкіндік бар. Оның тәртібі қалай? Бұл мүмкіндікті кімдер пайдалана алады? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мынадай түсініктеме береді.

БІРЛЕСКЕН ЗЕЙНЕТАҚЫ АННУИТЕТІ ҮШІН ҚАНША ЖИНАҚ БОЛУЫ КЕРЕК?

Бірлескен зейнетақы аннуитеті дегеніміз ерлі-зайыптылар мен жақын туыстар үшін өз жинақтарын біріктіріп, ресми зейнет жасын күтпей-ақ, ерте бастан өмір бойы төлемдер алып отыруға мүмкіндік беретін жаңа сақтандыру өнімі. Мысалы, зейнетақы аннуитетін қолдану үшін ерлі-зайыптылардың бірінде зейнетақы жинағы жеткіліксіз, ал екіншісінде артық болса, екеуі бірігіп, осы қызметті пайдалана алады.

Мәселен, 55 жастағы ерлі-зайыптылардың күйеуінде 10 млн, әйелінде 8 млн теңге зейнетақы жинағы бар делік. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% мөлшеріндегі (2022 жылы 26 173 теңге) ай сайынғы төлеммен есептесек, күйеуі үшін зейнетақы аннуитетінің ең төменгі құны 7,4 млн теңгені, әйелі үшін – 9,2 млн теңгені құрайды. Яғни, әйелінің жинағы жеке зейнетақы аннуитеті шартын жасауға жеткіліксіз болып тұр.
Екеуін қосып есептесек, оларда кемі 16,6 млн теңге болуы тиіс. Ал мына мысалда 18 млн, яғни қаражат шамадан артық. Ендеше, олар бірлескен зейнетақы аннуитеті шартын жасасып, әрқайсы өмір бойы ай сайын 28 430 теңге алып отыруға мүмкіндігі бар. Оның үстіне, төлемдер жыл сайын индексацияланады.

ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР ҚАЙТЫС БОЛСА, ТӨЛЕМДІ КІМ АЛАДЫ?

Шарт жасасқан кезде ерлі-зайыптылардың не жақын туыстардың әрқайсының дербес талаптары айқындалып, сақтандырылушының бірінің қайтыс болуына қарамастан қолданыла береді.
Егер шарт жасасқанда сақтандыру төлемдерінің кепілдік берілген кезеңі көзделсе, онда ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі де қайтыс болған жағдайда, қалған төлемді кепілді мерзім біткенге дейін кесте бойынша мұрагерлері алып отырады. 

Жақын туыстарға «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс бойынша ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер жатады. 

Бірлескен зейнетақы аннуитетін рәсімдеу тәртібі

  • осы қызметті ұсынатын адам өмірін сақтандыру компанияларының сайтын мұқият оқып-шығу;
  • өз сақтандырушыңызды таңдау;
  • басқа сатып алушылардың пікірлеріне талдау жасау керек.

Және бір ескерерлігі, осындай шарт ұсынған сақтандыру ұйымында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі лицензиясының бар-жоғын электронды үкімет сайты арқылы тексеріп алған да дұрыс. 

Айта кетейік, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, адам өмірін сақтандыру компанияларында 61 мыңнан астам адамның жалпы көлемі 300 млрд теңгеден астам зейнетақы аннуитеті шарты бар. 
Мемлекет басшысы 12 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді. Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 60 күн өткен соң, яғни 2022 жылғы қыркүйекте қолданысқа енгізілмек.