Баға Маңғыстау облысында айтарлықтай өскен
Биыл маусым айында киім-кешек пен аяқ киім бір айда 1,4%-ға, ал бір жылда 9,7%-ға қымбаттады.
Ең қымбат баға Солтүстік Қазақстан облысында байқалды, мұнда 3,5%-ға өскен. Сонымен бірге Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында да баға айтарлықтай өсті. Ал Алматы мен Шығыс Қазақстан облысында баға көрсеткіші соншалықты өзгере қоймаған.
Дегенмен, жылдық динамикада киім-кешек пен аяқ киім бағасының өсуін Маңғыстау облысының тұрғындары қатты сезінді, мұнда баға 16,5%-ға өскен. Қызылорда мен Атырау облыстары да бағаның өсуі бойынша көш бастап тұр. Бағаның ең аз өсуі Алматы қаласында тіркелді: 6,3%-ға.
Еnergyprom.kz сарапшыларының мәліметтеріне сәйкес, маусым айында ерлер киімі айлық динамика бойынша 1,1%-ға, аяқ киім 2,1%-ға қымбаттады. Бір жыл ішінде ерлер киімінің бағасы 9,1%-ға, аяқ киімнің бағасы 9,5%-ға өскенін көрсетті. Жекелеген заттар бойынша бағаның өсімі төменгі диаграммада көрсетілген.
Әйелдерге қатысты қарастыратын болсақ, сырт киім бағасы бір айда 1,3%-ға және бір жылда 8,9% өскен, ал аяқ киім бір айда 1,4% және бір жылда 9,5% өсті.
Балалардың киімдеріне келетін болсақ, олардың сырт киімдері бір айда 1,1%-ға және жылына 9%-ға өсті, аяқ киім бағасы бір айда 1,9%-ға, ал бір жылда 14,7%-ға қымбаттаған.
Аяқ киімдердің ішінде қысқы балалар етіктері 15,9%-ға, кроссовкалар 15%-ға, жазғы аяқ киімдер 13,4%-ға, жартылай маусымдық балалар етіктері мен аласа аяқ киімдер 13%-ға, ал қыздардың аяқ киімдерінің бағасы 9 ,7%-ға өсті.