Биыл еліміздегі жол құрылысынан 500-ден аса кемшілік анықталған
Егер тағы қателік анықталса, жөндеу қайта қолға алынады
Ақмола облысында 28 қызметкер жол сапасын дұрыс бақыламаған. Олардың үстінен тексеріс жүргізген құзырлы орган өкілдері 199 автожолды жіті тексеріп, 149 қателікті анықтап отыр деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Жалпы, Ұлттық сапа орталығы жыл басынан бері жол құрылысынан 500-ден аса кемшілік тапқан. Айтуларынша, қазір жергілікті маңызы бар жолдардан 400-ге жуық сынама алынып, зертханаға жіберіліпті. Егер тағы қателік анықталса, жөндеу қайта қолға алынады.
Жыл басынан бері жол-құрылыс нысандары мен автомобиль жолдарының сапасын анықтау үшін 245 тексеріс жүргізілді. Кейбір мердігер ұйымдар қайта түзеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Анықталған қателіктер бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хат жолдадық. Сондай-ақ талаптарға сәйкес келмейтін сынамаларды қайта жөндеуден өткізу үшін тапсырыс беруші мен мердігер ұйымға тапсырма берілді, - деп хабарлады ИИДМ Жол активтері ұлттық сапа орталығы.
Айта кетсек, қазір президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірінде жауапты мамандар облыстық прокуратура және бақылаушы мемлекеттік органдармен бірлесіп, жөнделген жолдардың сапасын тексеріп жүр. Бұл ретте жол құрылысына отандық өнімдерді пайдалану, ол үшін өндірісті арттыру, тапшылықты болдырмау мәселелері басты назарда.
Мұндағы тапшылық жол құрылыс компанияларының, атап айтқанда қысқы және көктемгі кезеңдердегі битум сынамаларының біркелкі алынбауынан туындайды. Яғни бұл кезеңде битум өндіруге өтініштер іс жүзінде түспейді. Зауыттар не бос, не айналымда тұруға мәжбүр. Осыған орай Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, қысқы және көктемгі кезеңде битум сатып алатын бірыңғай жеткізушіні анықтау мәселесі пысықталып жатыр, - деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Оның айтуынша, Ресейден шайыр әкелу квотасын 280 мың тоннадан 430 мың тоннаға дейін арттыру туралы шешім қабылданған. Сонымен қатар Ақтаудағы зауытта битум өндірісін ұлғайту отандық өндірушіге өндірісті жылына 300 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.Нәтижесінде жылдық жалпы қуаттылық шамамен жылына 1,3 миллион тонна болады. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толық өтейді.