2023 жылы АЭС-ті қай мемлекет салатыны белгілі болады – министр
Бүгінде Ресей, Франция, Оңтүстік Корея мен Венгрияның технологиясы зерделеніп жатыр
Атом электр станциясын қай елдің технологиясы бойынша салатынымыз белгісіз. Бірақ шешім 2023 жылы қабылданады. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
АЭС-ті қай мемлекеттің технологиясы бойынша салатынымызға қатысты таңдау жасалған жоқ. Мысалы, Түркияда салынып жатқан «Аккую» атом электр станциясына, Франция, Оңтүстік Кореяға да бардық. Онда технология мен реакторлар басқа. Сондықтан технология әлі таңдалған жоқ. Алдағы уақытта Венгрияға және басқа елдерге баратын шығармыз. Таңдау әлі жасалған жоқ. Ол 2022 жылдың аяғында 2023 жылдың басында жасалады, - деді министр ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Болат Ақшолақов АЭС-те білікті мамандар жұмыс істеу керегін атап өтті.
«Атом электр станциясы салынып, пайдалануға бере салатын нысан емес. Ол ұзақ салынады және құрылыста өте сақ болу керек. Оны пайдалануға беруде маңызды. Сондықтан нысанды қауіпсіз түрде пайдалану үшін кадрлар керек. Бұл мамандар станцияның жұмысын түсінуі керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда АЭС болмағандықтан білікті кадрлар аз. Бір нысанды пайдалану үшін бізге 2 мың маман керек. Олар жай жұмысшылар емес, атом және ядролық физикадан хабары болуы керек», - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ ол Ресей мен Венгрияда салаға қажет мамандарды оқытып, тәжірибе жинау бойынша келісімге келгенін жеткізді.
Қазір біз мамандарды дайындап жатырмыз. Олар оқуын бітіргесін бірнеше жыл АЭС-те тәжірибе жинауы керек. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз АЭС-тің құрылысын аяқтағанда осындай мамандар жеткілікті болады деген үміттемін. Олар 7-10 жыл тәжірибе жинап, нысанды пайдалана алады, - деді министр.
Оның пікірінше, Қазақстанда АЭС-ті пайдалануға бергенде тәжірибесі мол тараппен байланыс орнату керек.
«Егер біз технологияны таңдасақ, атом электор станциясына сол тараптың білікті мамандарын тарту бойынша келісімге келетін шығармыз. Бұл қауіпсіздік үшін маңызды», - деді Болат Ақшолақов.
Айта кетейік, осыған дейін энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясын салу бойынша АҚШ-тың ұсынысынан бас тартқанын айтқан еді.