×

Маңғыстау облысында жаңа мұнай шоғыры табылды

Ол Өзен кен орнында орналасқан

 Халық үні 31.01.2022 | 11:00
фото: Қазмұнайгаз

Маңғыстау облысындағы Өзен кен орнынан жан-жақты барлау барысында жаңа мұнай шоғыры табылды. Осының нәтижесінде шығарылатын мұнай қорының өсімі 39,9 млн тоннаны құрайды. Көмірсутек қорының өсімі «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ экономикалық көрсеткіштеріне елеулі әсер етеді.

2017 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС және «Ақтау қаласындағы ҚМГ Инжиниринг» филиалының геологтар тобы Өзен кен орнын жете арлаудың егжей-тегжейлі бағдарламасына бастамашы болды. Осы бағдарлама шеңберінде 2017-2021 жылдары ішінде жоғары көрсеткішті сейсмобарлау 3D түсірілімі (368 шаршы км) жүргізілді, барлық ұңғыма қорына қайта талдау жасалды (7500-ден астам), геологиялық тұжырымдамасы қайта қаралды әрі геологиялық 3D-үлгісі қайта құрастырылды.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде кен орны құрылымы нақтыланды және жаңа мұнай шоғыры табылды. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша Өзен кен орнының мұнай қоры 8%-ға ұлғайды. Бұл өз кезегінде шығарылатын қордың 39,9 млн тоннасын құрап отыр, – дейді Қазмұнайгаз.

Қазақстанның пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссиясы көмірсутектің нақтыланған көлемін 2021 жылдың соңында балансына қабылдады. Қазір жаңа қорды есепке алу мен оларды өндіруді жоспарлау мақсатында кен орынды игеру жобасына түзету енгізіліп жатыр.

«Өзенмұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 100 пайыз еншілес компаниясы. 2020 жылы кәсіпорынға Қазақстандағы мұнай әрі газ конденсатын өндіру құрылымында 6%-ы тиесілі болды. Кәсіпорын Маңғыстау облысындағы Өзен және Қарамандыбас кен орындарында мұнай мен газ конденсатын өндіреді.

Өзен кен орны – Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар әлем бойынша бірегей бастапқы геологиялық қоры бар ең ірі кен орындарының бірі саналады. Бұл – құрылымы күрделі көпқабатты кен орны.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама