Экономиканы несиелендіру көлемі рекордтық көрсеткішке жетті
Бұл ретте несие портфелінің сапасы да жақсарған
Елімізде экономиканы несиелендіру көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, 20,1 трлн теңгені құрады. Бұл мәлімет Еnergyprom.kz сарапшыларының банк саласында жүргізген зерттеу жұмыстары нәтижесінде белгілі болды.
Мамандардың айтуынша, егер 2014–2017 жылдары экономиканы несиелендіру динамикасы соншалықты өзгере қоймаса, кейінірек айтарлықтай өсу үрдісі байқалады. «Коронакризис» кезеңінде де несиелендіру көрсеткіштері өсуін жалғастырды, соның ішінде мемлекет тарапынан көптеген қолдау шараларының іске қосылуының арқасында. Саладағы ең елеулі өсім 2021 жылы тіркелді: бірден 26,5%-ға артты, яғни 18,5 трлн теңгеге дейін.
Биыл да экономиканы несиелендіру қарқыны оң үрдісті сақтап отыр: маусымның аяғында несие портфелі 20,1 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,5%-ға артық. Айта кету керек, 2021-2022 жылдары банктер саны біршама төмендеді, яғни несиелеудің өсу динамикасы сектордағы жаңа ойыншылардың пайда болуына байланысты болған жоқ.
Бұл ретте экономиканы несиелендірудің ұлғаюы аясында мерзімі өтіп кеткен берешек деңгейі төмендеп, тиісінше портфель сапасы да жақсарып отыр. Мәселен, экономикаға берілген несиелер портфеліндегі мерзімі өткен несиелердің үлесі биыл шамамен 3%-ды құраса, бір жыл бұрын ол 6%-дан асқан еді, ал 2014 жылы 20%-21%-ға жеткен болатын. Қазақстан Республикасының ЕДБ жалпы несие портфеліне келетін болсақ (банкаралық қарыздарды, РЕПО операцияларын және т.б. қоса алғанда), мұнда төлем мерзімі 90 күннен астам кешіктірілген несиелердің салмағы биылғы мамыр айында небәрі 3,61%-ды құрады, ал 2021 жылдың сәйкес кезеңінде ол 7,18%-ға, 2020 жылы – 9,43%-ға, 2014 жылы – 33,5%-ға жеткен еді.
Ескере кететін жайт, дағдарыс кезінде, атап айтқанда, COVID-19 пандемиясы кезінде экономиканы қаржылық қолдау әсіресе маңызды болды. Осыған байланысты сарапшылар қазақстандық банктердің негізінен қай салаларды қаржыландыратынын анықтау мақсатында Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі ірі банктерінің жалпыға қолжетімді қаржылық есептеріне талдау жүргізді.
Нәтижесінде Халық банкі Қазақстан Республикасының ЕДБ арасында еліміздің ең ірі кредиторы болып табылатыны белгілі болды. 2021 жылдың соңында аталмыш банктің берген несиелері 6,3 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 29,6%-ға артық. Бөлшектік – тұтыну және ипотекалық несиелер 1,9 трлн теңгені немесе жалпы көлемнің 30,5 пайызын құрады. Экономика салалары бойынша Халық банкі несиелердің ең көп көлемін қызмет көрсету саласына (747,6 млрд. теңге немесе портфельдің 12%), сондай-ақ көтерме (437,1 млрд. теңге немесе 7%) және бөлшек саудаға (343,3 млрд теңге немесе 5,5%) бағыттады.Айта кететін жайт, бұл салалар коронавирустық пандемиядан қатты зардап шеккен еді.
Сонымен бірге ресейлік еншілес Сбербанк берген несиелер 2021 жылдың соңына қарай 2,3 трлн теңгені құрады. Оның 1,2 триллион теңгесі немесе 52,4 пайызы тұтынушылық, тұрғын үй және автокөлік несиелеріне тиесілі. Сауда саласына 321 млрд теңге немесе портфельдің 13,9%, өндіріс саласына 270,6 млрд теңге немесе 11,7% бағытталған несиелер берілді. Еске сала кетсек, осы ресейлік еншілес ұйымның проблемаларына байланысты несие портфелінің бір бөлігі, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар бойынша несиелер Сбербанктен Қазақстанның Халық банкіне берілген болатын.
Ал ЦентрКредит Банкінің несие портфелінің құрылымы келесідей: 55,6% - жеке тұлғаларға, 6,6% - сауда саласына, 5,7% - жылжымайтын мүлікті жалға беру секторына, 5% - энергетика саласына, 4,7% - мұнай-газ өнеркәсібі.