Қазақстандықтардың жыл сайынғы қажеттілігі – 30 мың тонна
Қазір көкөністің ішінде пияздың бағасы тұрақталмай тұр. Жоқтықтан ба десең, министрлік қордың бай екенін айтады. Тіпті алдағы уақытта оны экспортқа шығарғалы отыр. Өйткені елде алдағы 3 айда ерте пісетін пияздың 90 мың тоннасы жиналмақ.
Ал қазақстандықтардың жыл сайынғы қажеттілігі – 30 мың тонна. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев артық пиязды сатқанды жөн көріп отыр. Тапшылық нақты болмайды, бағаны да құбылтпаймыз дейді ол.
Сондай-ақ пияз өсіретін оңтүстік аймақтың әкімдері диқандармен келіссөздер жүргізіп қойған. Соның арқасында бағасы 220 теңгеден 110 теңгеге түскен. Енді министрлік қырыққабат, сәбіз және картоптың бағасын қолжетімді етуге уәде беріп отыр.