Өзара сауда бар болғаны 43,6 млн доллар ғана
Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігіне жасаған ресми сапары аясында елдің бизнес өкілдерімен кездесіп, Қазақстанға қаржы салуға шақырды. Соның ішінде мемлекет басшысы пайдалы қазбалар, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, туризм, ғарыш саласы салаларын таныстырды.
Сауд Арабиясы кәсіпкерлері әсіресе Қазақстанның ауыл шаруашылығына қаржы құюға дайын екендіктерін білдірді.
Осы орайда, бүгінге дейін Қазақстан Сауд Арабиясымен өзара қандай тауар саудалағанына тоқталып көрейік.
Дүниежүзілік сауда ұйымының мәліметінше, Қазақстан 2021 жылы Сауд Арабиясынан 2 млн 287 мың доллардың ғана тауарын сатып алған екен. Көрсеткіш 2017-2021 жылдар аралығында бар болғаны 2% ғана өскен.
Импорттың ішінде бірінші орында пластмассалар және олардан жасалған бұйымдар кіреді. Корольдік былтыр Қазақстанға 864 мың долларға осы тауарларды сатты. Сонымен қатар 511 мың долларға фармацевтика өнімдерін, 450 мың долларға жеміс-жидек пен жаңғақ, 345 мың долларға механикалық құрылғылар, 117 мың долларға теңіз өнімдерін сатқан.
Ал Қазақстан Саудияға 41 млн 289 мың доллардың тауарын сатты. Көрсеткіш 2017 жылдан бері 29% көбейген.
Экспорттың ішінде негізгі тауарлар мыс және мыс өнімдері (35 млн 214 мың доллар), темір мен болат (2 млн 227 мың доллар), электр машиналары мен жабдықтары (1 млн 756 мың доллар), мырыш және одан жасалған бұйымдар (1 млн 619 мың доллар), механикалық құрылғылар (337 мың доллар) және тағы басқа.