Өңірдегі кез келген дүкенде қанттың келісі 900 теңгеден емін-еркін сатылып жатыр
Солтүстік Қазақстан облысында қанттың бағасын негізсіз өсірген кәсіпкерлер айыппұл арқалайтын болды. Өйткені қазір шенеуніктер оның құнын тиісті мөлшерден асырып, саудасын қыздырып жатқандарды іздеуге кіріскен. Жеміс-жидек пісіп, тосап қайнататын мезгілде бағаны ауыздықтаудың одан басқа амалы жоқ дейді олар.
Бүгінде бұл өңірдегі кез келген дүкенде қанттың келісі 900 теңгеден емін-еркін сатылып жатыр. Жақында оны белгіленген мөлшерден қымбатқа саудалаған екі компанияға ескерту жасалған.
Енді әкімдік қантты әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы сауда орындарына тікелей жеткізуді көздеп отыр. Қазірдің өзінде өңірге 15 вагон қант жеткізілген. Оның бағасы келісіне 450 теңгеден аспайды деп сендірді ведомство өкілдері. Өйткені былтыр СҚО тұрғындары 12 вагон қант тұтынған.