Биыл моноқалалар маңынан жаңа кен орындары ашылуы мүмкін

Дәурен Ерболат

Былтыр геологиялық барлауға 230 млрд теңге инвестиция құйылды

Фото: habr.com

Биыл моноқалалар маңынан 7 жер учаскесінде геологиялық барлау жұмысы аяқталады. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Талғат Момышев айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Оның айтуынша,1996 жылдан 2021 жылға дейін пайдалы қазбаларды барлауға 4 трлн теңге бағытталған.

Өткен жылы геологиялық барлау саласына 230 млрд теңге инвестиция тартылды. 2021-2023 жылдары жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу бойынша қаржыландыру сомасы 30 млрд теңгеден асады. Мемлекет басшысы моноқалаларға байланысты біраз тапсырма берді. Осыған байланысты Риддер, Хромтау, Теміртау, Балқаш, Жезқазған маңынан 7 жер учаскесінде геологиялық барлау жұмысы жүргізілуде. Биыл барлау аяқталады, - деді министрдің орынбасары ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Талғат Момышев әлемде сирек кездесетін металдарға сұраныс жоғары екенін атап өтті.

«Мысалы, литийге сұраныстың артқан. Сондықтан бүгінде бұл металды іздеу бойынша жер учаскелерін белгілеп, барлауға ерекше назар аударып жатырмыз. Биыл Шығыс Қазақстан облысында Қара-Аяқ және Мунча деген жер учаскелерінде жұмыс басталды. Сондай-ақ осы жылы 2 жер учаскесінде сирек кездесетін металдарды іздеуді бастаймыз», - деді вице-министр.

Ол Қазақстанда орта есеппен жыл сайын 12-15 жаңа кен орны мемлекеттік теңгерімге алынатынын жеткізді.