Жоспардан тыс тексерулер тек заң аясында жүргізіледі
Қазақстанда шетелге заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару туралы ақпаратты жедел беру үшін сайт ашылады, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Биыл 14 шілдеде Бас прокуратурада экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті.
Онда президенттің тауар нарығын монополиясыздандыру және капиталды қайтару туралы тапсырмасын жүзеге асыру жөніндегі бірінші кезектегі шараларды мемлекеттік органдардың орындауының мәселелері талқыланды.
Іс-шараны ашқан комиссия төрағасының орынбасары – Бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов комиссияның барлық іс-әрекеті құқықтық нормаларға толық сәйкес келуі тиіс екенін, құқық қорғау және мемлекеттік органдар адал бизнеске қатысты асыра сілтеулер мен теріс пайдаланушылықтарға жол бермеуге міндетті екенін атап өтті.
Экономикалық ресурстарды шектеулі адамдардың қолында заңсыз шоғырландыруға ықпал еткен жағдайларды анықтау басымдық ретінде белгіленді.
Ол үшін талдау жұмыстарына назар аударған жөн, ал жоспардан тыс тексерулерді тек заңда тікелей көзделген ерекше жағдайларда ғана жүргізу керек.
Жиын қорытындысы бойынша жұмыс тобының мүшелері комиссия алдында тұрған міндеттерді сапалы орындауға бағытталған қызметті жандандыру жөнінде пікір алмасты:
Сондай-ақ комиссия жұмысының барысы туралы халықты жедел хабардар ету үшін арнайы веб-сайт құру туралы шешім қабылданды.
Осы жұмысқа қоғамды тарту үшін сайтта арнайы бөлім құрылады, ол арқылы әрбір адам хабарлама жібере алады немесе комиссия қызметінің мәселелері бойынша ұсыныс енгізе алады.
Отырыс қорытындысы бойынша экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл және активтерді қайтару жөніндегі іс-шараларды сапалы іске асыруды қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырма берілді.