Қазақстандық және халықаралық қаржы институттарында 18 жылдық жұмыс тәжірибесі бар
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың інісі Бекжан Пірматов ForteBank-тің басқарма төрағасы болып тағайындалды. Шешім банктің директорлар кеңесі отырысында қабылданған.
Orda.kz-тің хабарлауынша, Бекжан Пірматов – кәсіби банкир. Банк саласында, оның ішінде HSBC және ЕҚДБ сияқты қазақстандық және халықаралық қаржы институттарында 18 жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Цесна Банк пен First Heartland Jysan Invest-ті басқарған. Forte командасына Пірматов 2020 жылы басқарма төрағасының орынбасары ретінде қосылды. Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті (Нархоз университеті) және George Washington University (АҚШ) түлегі.
«Forte-дегі жұмысында Бекжан Пірматов бизнестің барлық негізгі бағыттарын, соның ішінде корпоративтік бөлімді, ШОБ-пен жұмыс бағытын, қазынашылықты және бөлшек сауда сегментін сәтті басқарды. Оның кәсіби біліктілігін, жергілікті және халықаралық қаржы нарығын терең білуін, көшбасшылық қасиеттерін ескере отырып, директорлар кеңесі Бекжанды басқарма төрағасы етіп бекіту туралы шешім қабылдады. Біз оның басшылығымен Forte командасы өз бизнесін тұрақты түрде дамыта беретініне сенімдіміз», - деп түсіндірді Forte Bank директорлар кеңесінің төрағасы Эльдар Әбдіразақов.