Ұлттық банк теңгенің құнсыздануына қатысты жауап берді

Еркеғали Болатұлы

Ұлттық валютаны ұзақ мерзімде қалыпты ұстап тұрудың бір ғана амалы бар

фото: ашық дереккөз

Ұлттық банк отандық валюта құнының әлсіреуін «қалыпты жағдай» деп отыр. Шетелдік валюталардың өткен айдан бері бір арзандап, қайта көтерілуіне ішкі және сыртқы факторлар әсер еткен.

Ең алдымен жаһандық нарықта доллар құны бұрынғыдан да түскен. Дивидент төлеу кезеңінде заңды тұлғалар тарапынан валютаға сұраныстың артуы да ішкі нарықта доллар бағасының беки түсуіне себеп болыпты.

Теңгені ұзақ мерзімде қалыпты ұстап тұрудың бір ғана амалы бар дейді Ұлттық банк басшылығы. Ол – алтын валюта резервтерін жұмсау. Бірақ бұл қадам кейін ұлттық валюта бағамын девальвациялау қажеттілігіне алып келуі мүмкін.

Ұлттық банк өкілдері елдегі банктерде жиналып қалған Ресей рубліне қатысты да пікір білдірді. Енді оның көлемін азайту үшін шекарадан қолма-қол көбірек алып өтуге рұқсат берілмек. Мұндай мүмкіндік азаматтарда 31 тамызға дейін болады.

Негізі шетел валютасын шекара асыруға шектеу бар. Ұлттық банктегілер мұндай бір реттік шаралардың да мәселені шешпейтінін мойындап отыр. Сондықтан екі ел арасындағы сауда-саттық көлемін, жалпы алыс-беріске кешенді зерттеу жүргізіп, шешімді содан кейін қабылдамақ.