Базалық ставканың өсуі: ипотекалық кредит қолжетімсіз болуы мүмкін бе

Айнұр Шошаева

Сарапшылар Қазақстандағы базалық мөлшерлеменің көтерілуі экономикаға қалай әсер ететіні жайлы айтты

коллаж: Halyq Uni

Жуырда Ұлттық банк Қазақстанда базалық мөлшерлеме 9,75%-дан 10,25%-ға дейін көтерілетінін мәлімдеді. Осы ретте базалық ставканың көтерілуі Қазақстан экономикасына, оның ішінде қарапайым халықтың тұрмысына қалай әсер етеді деген сауалды бірқатар сарапшыға қойып көрдік.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешімді инфляциялық күтулерді төмендету және инфляцияның 2022 жылдың соңына қарай белгіленген 4-6% нысаналы дәлізге кіру қажеттілігін ескере отырып қабылданғанын хабарлады.

«Central Asian Institute for Development Studies» (CAIDS) компаниясының бас директоры Асхат Наметшаның пікірінше, базалық ставканы көтеру инфляцияны төмендетуге мүмкіндік беретін ең қарапайым және төте шешім.

«Базалық мөлшерлеме көтеру арқылы Ұлттық банк, мерзімде инфляциялық күтулерді төмендеткісі келеді. Бұл - инфляцияны төмендетуге мүмкіндік беретін ең қарапайым және тез шешім. Базалық мөлшерлемені көтеру ақша көлемінің азаюына алып келеді, ол сұранысты төмендетіп, бағаның төмендеуіне қысым көрсетеді. Бұның нәтижесі - төмен инфляция. Бірақ ол экономикалық өсуге кері әсер етеді, өндірістік шығындар өседі, ал халықтың табысы өспейді. Ел ішіндегі инвестициялық белсенділікке теріс әсер етеді, сондай-ақ бюджетті бөлу тиімділігіне кері әсер етуі мүмкін және онымен қоса экономиканың қалпына келуінің өсу қарқынының баяулауына алып келеді», - деді сарапшы.

Базалық мөлшерлеме - бұл қаржы жүйесіндегі ақша құнын анықтау. Ол несие мен депозиттер құнына әсер етеді. Яғни, базалық ставканың көтерілуі кредит пен депозит бойынша пайыздың өсуін білдіреді.

Мөлшерлеменің көтерілуі депозиттер мен несиелер бойынша пайыздық ставканы арттырады. Тиісінше, несиенің қолжетімділігі төмендейді, адамдар аз несие алып, аз жұмсайды. Базалық мөлшерлеменің жоғарылауына реакция реттінде ипотекаға сұраныстың төмендеуі болуы мүмкін, - деп қосты Наметша.

Экономист Жарас Ахметовтің сөзінше, экономика үшін несиелер қымбаттағанымен, қолжетімсіз болады деп айтуға негіз жоқ.

«Несиелер қазақстандықтар үшін қолжетімсіз болады деп айтуға болмайды. Олар жай ғана қымбаттайды. Біреу үшін қолжетімді, біреу үшін жоқ. Қалыпты нәрсе. Дегенімен, бұл өзгеріс несиелендірудің төмендеуіне әкеледі. Бірақ біз ставканың өсуі ақша ұсынысының төмендеуі арқылы инфляциямен күресудің құралы екенін түсінуіміз керек. Сондықтан Ұлттық банк ставканы нарықтағы ақша ұсынысын азайту, ақша жүктемесін төмендету, тиісінше инфляцияны ұстап тұру үшін көтерді», - деді Жарас Ахметов.

ИПОТЕКАЛЫҚ КРЕДИТ ҚОЛЖЕТІМСІЗ БОЛУЫ МҮМКІН БЕ?

Несие ставкасы өзгерсе, қазақстандықтар үшін ипотекалық кредит қолжетімсіз болуы мүмкін бе деген заңды сұрақ туындады. Бұл сауалға белгілі сарапшы Мақсат Сералы жауап берді. Оның пікірінше, мемлекеттік бағдарламалар бойынша базалық ставка бекітілгендіктен, айтырлықтай ауыртпалық болмайды. 

«Қазір ставкасы 5%, 7%, мемлекеттік бағдарламалар бар, «Отбасы банктің» бағдарламалары бар. Олардың барлығы әлі де сұранысқа ие бола береді. Өйткені еркін бәсекелстік жоқ. Бүгінде екінші деңгейлік банктердің ипотекалық бағдарламалары қолданылмайтыны анық. Олардың ұсыныстарының өзі өте қымбат. Ішкі нарықты алып қарайтын болсақ, көрсеткіші өте төмен», - деді М.Сералы.

Сонымен бірге, сарапшы несие ставкасының өзгеруі тұрғын үй нарығындағы құрылыс компанияларының өз бағдарламаларының ашылуына әкеледі деген болжам жасады.

Базалық ставканың көтерілуі жалпы тұрғын үй нарығындағы құрылыс құрылыс компанияларының өз бағдарламаларының ашылуына әкеледі. Үлкен құрылыс компаниялары, ритейл компаниялар ішкі нарыққа өздерінің бағдарламаларын ұсына бастайды. Қазірдің өзінде ұсынып жатыр. Енді ары қарай оны дамыта түседі. Мысалы, бір жылға дейін бөліп төлеу қарастырылса, 2-3 жылға дейін бөліп төлеу механизмдерін ұсынатын болады, - деп қосты ол.

Бүгінде Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердегі несие ставкасының минималды деңгейі 17%-дан басталады. Ипотека мөлшерлемесі көтерілген жағдайда қолданыстағы ставкалар одан сайын жоғарылап кетуі мүмкін деген пікір бар. Сарапшы қазір екінші деңгейлі банктердің ставкаларын көтеруі тиімсіз деген пікір айтты. Себебі оның нарықтағы үлес салмағына сұраныс көлемі онсыз да аз. Егер көтерілетін болса, бұл банктердің ипотекасы мүлдем төмендеп кетеді.

Президент Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуге кірісті. Аталған заң қабылданатын болса, банктердің ақша айналымына тікелей әсер ететін болғандықтан, несие беру мәселесінде сәл де болса өзгеріс әкелмей қоймайды. Атап айтқанда, жеке адамдардың табысын дәлелдеу, қажетті құжаттар бойынша толықтырулар енгізіліп, қарыз алушыға қойылатын талаптар қатаңдатылуы мүмкін.

«Бұл қатаңдату шаралары қазақстандықтар үшін ипотекалық және қаржылай несие қолжетімсіз болады дегенді білдірмейді. Бұл жерде кімнің тұрақты жұмысы мен нақты табысы бар сол азаматтарға өзгеріссіз қала береді. Біз қазір көптеген микроқаржы орталықтары жеке куәлігін апарса болды, қалған құжаттарын сұрамай-ақ несие бере береді. Егер қазір әзірленіп жатқан заң қабылданса, кез келген адам өзін-өзі банкрот деп жариялауы мүмкін. Мәселен, 5 млн теңге алып, 1 млн төлеп, қалған 4 млн төлей алмай өзін банкрот қылып жарияласа түсінікті. Ең негізігі шығын микроқаржы орталықтары мен екінші деңгейлі банктерге болады. Сондықтан, олар табысы, кепілдеме және т.б қатысты талаптарды күшейтуі мүмкін деп ойлаймын», - деп түйіндеді сөзін Мақсат Сералы.

Айта кетейік, көптеген жылдар бойы инфляцияның жоғары болуы Қазақстан экономикасының басты проблемасына айналып отыр. 2021 жылы Ұлттық банк базалық ставканы 3 рет өзгертіп, соңғы рет 8,4% деңгейінде қалды. 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында Президент Қ.Тоқаев инфляцияны төмендету бойынша жоспарлы жұмыс қажеттігін айтып, нысаналы дәлізді 2025 жылға қарай 3-4% төмендетуді тапсырды.

CAIDS компаниясының бас директоры Асхат Наметша үкімет инфляция деңгейін 4-6%-ға дейін төмендетіп, оны белгіленген шеңберде ұстап тұру мүмкін деген пікірде. Алайда, ол үшін Ұлттық банк, Үкімет және монополияға қарсы қызметтер тарапынан кешенді жұмыс жүргізілуі тиіс.

«Сондай-ақ макроэкономикалық, әлеуметтік, баға, өнеркәсіптік және сауда саясатын қайта қарау қажет. Қазіргі кезеңде инфляциялық таргеттеу саясаты қажетті шара болып табылады, бірақ ең бастысы – экономиканың теңгерімді дамуына қол жеткізу. Ал ол үшін ең алдымен біздің нарықта сатылатын тауарлардың көбісі отандық кәсіпорындармен өндірілуі керек. Сонымен қатар еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік жасау керек. Өйткені еңбек өнімділігінің артуы тауарларды өндірудің көлемінің ұлғайуына және оның бағасының төмендеуіне алып келеді», - деді экономист.