×

«Самұрық-Қазына» қызметкерлер санын 50% қысқартпақ

«Самұрық-Қазына» қорының жаңа ұйымдық құрылымы бекітіліп, қызметкерлер саны 50%-ға қысқарады

 Ербол Тұрымбет 24.01.2022 | 17:00
фото: ашық дереккөзден

Президент сынына ұшыраған «Самұрық-Қазына» басшысы Алмасадам Сәтқалиев бүгін компанияны қандай өзгеріс күтіп тұрғанын айтқан болатын. Ал енді қор басқармасы бірқатар шешім қабылдапты. Біріншіден, жаңа ұйымдық құрылым бекітілді. Оған сәйкес, қор қызметкерлерінің саны екі есе, яғни, 248-ден 124-ке дейін; ал басқарушы қызметтер саны 10-нан 5-ке дейін қысқарады. Құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге (33%) қысқартылды. «Кеңесші» қызметтері жойылды. Қордың шетелдегі өкілдіктерін жабу туралы шешім қабылданды. 

Екіншіден, бизнес жолындағы кедергілерді жоюға бағытталған Тікелей сатып алудың жаңа тәртібі мен Қадағалау, маркетинг және импорттың орнын басу ережелері алдын-ала бекітіліп, Қаржы министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және «Атамекен» ҰКП-ге қарастыруға жіберілді. Бір көзден сатып алуға негіз болатын факторлар қысқарды. Аталған құжаттарды Директорлар кеңесі қабылдаған соң қордың корпоративтік орталығы сатып алу әдістемесін дайындау, сатып алуларды қадағалау және бақылау функцияларын атқарады.

Үшіншіден, портфельдік компанияларға «Самұрық-Қазына» қорын реформалау бойынша Президент тапсырмаларын орындауды қадағалау жөніндегі құжат жіберілді. Жауапты қызметкерлер, іске асыру мерзімдері мен қадағалау индикаторлары анықталды.

Төртіншіден, «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының 2022 жылғы 24-ші қаңтардағы шешімімен «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС бас директоры А.К.Сұлтановтың, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Б.А.Сандықбаевтың, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директоры А.Ж.Ақыловтың, «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» ЖШС бас директоры С.К.Елшібековтің уәкілеттіктері мерзімінен бұрын аяқталып, олармен еңбек қатынастарын тоқтату келісілді, – дейді «Самұрық-Қазына».

Басқарма үкіметке жолданатын қорды реформалау бағдарламасын дайындау мерзімдерін бекітті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама