Мұнай өнімдерінің бағасы да басты назарда болмақ
Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова Президенттің жаңа экономикалық саясаты туралы айтты.
Кеше біз Мемлекет басшысының кезекті маңызды бағдарламалық сөзінің куәсі болдық. Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің экономикалық саясатын түбегейлі қайта жаңғырту бағытын белгіледі. Оны іске асыру тетіктерін айқындап, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша нақты міндеттер қойды, – деді ол.
Маман экономиканың жаңа моделінің қағидаттарын қолдай отырып және оларды талдай отырып, мыналарды ерекше атап өтті.
Мәселен, жүйелі проблемалардың қатарында конкурссыз және көбінесе үлестес компанияларда (77% - бір көзден) өткізілетін сатып алудың елеулі үлесінің ашық еместігі, сондай-ақ дивидендтік саясатты реттеудің болмауы анықталды. Бұл төленген дивидендтердің көлемі алынған кіріске сәйкес келмеген кезде (1 992 млрд теңге кіріске 143 млрд теңге дивиденд), – деді Годунова.
Комитет төрайымының айтуынша, жалпы, Президент ұсынған шаралар негізгі проблемаларды шешуге, халықтың табысын арттыруға, қоғамдағы мүліктік бөлінуді және туындаған әлеуметтік шиеленісті азайтуға мүмкіндік береді. Қазір Мемлекет басшысы алға қойған барлық міндетті жедел және сапалы орындау үшін барлық ресурсты жұмылдыру өте маңызды.
Есеп комитеті өз тарапынан биыл бекітілген тізбе шеңберінде экономиканың жүйе құраушы және маңызды салаларының тиімділігін бағалау жөніндегі жұмысты жалғастырады. Атап айтқанда, Ұлттық қор трансферттерінің пайдаланылуын бағалау, мұнай өнімдеріне баға белгілеудің негізділігі және басқалары бойынша аудиторлық және сараптамалық-талдау іс-шараларын жүргізу жоспарланған, – деді төрайым.