Президент отандық бизнес өкілдерімен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнесмендермен кездесуінде оларды қаржысын өз елімізге салуға шақырды.
Сіздер, болашақтарыңызды Қазақстанмен байланыстыратын болсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге салыңыздар. Бұл – cіздердің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершіліктеріңіз. «Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді. Сондықтан жұмыс екі бағытта жүргізіледі: капиталды елге қайтарғаны үшін ынталандыру және қаражаттың офшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауылдар қою, – деді Президент.
Одан бөлек ірі кәсіпорындардың салық төлеу және есеп беру мәселелерін ретке келтіру қажеттігі туралы айтылды.
«Ірі компаниялардың салық төлеуі – күрделі мәселе. Қолымызда түрлі себептерді сылтауратып, салықты толық төлеуден жалтарып отырған алпауыттар жөнінде арнаулы органдар ұсынған мәліметтер бар. Премьер-министрге осы мәселені түбегейлі шешуді және қазынаны тиесілі қаражатпен қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.