«ҚазМұнайГаздың» елордадағы бас ғимараты аукционға қойылды
Сатып алуға қатысу үшін алғашқы жарнасына 92 миллион теңге құю қажет
Мұнай саласындағы алпауыт компаниялар отырған, 2002 жылы салынған «ҚазМұнайГаздың» бас ғимараты сатылымға қойылды. Осыған дейін әртүрлі мақсатқа жалға берілген, министрліктер отырған ғимараттың аяқастынан неге сатылуға қойылғаны белгісіз. Тек қаншаға, қашан сатылатыны жарияланды.
КТК телеарнасының хабарлауынша, осы 20 жыл ішінде нысанның қабырғасы сөгіліп, елорданың боранында шатыры ұшып, осал тұстары байқалған емес. Мұна кімнің отыратынын жұрттың бәрі білмесе де, ғимарат астананың белгісіне айналып үлгерген нысанның бірі. Сол жағалаудың ең қымбат жерінде, Бәйтерек пен Ханшатырдың ортасында менмұндалап тұр.
Аукционға шығатын нысанның 3/1 бөлігін иелері былтыр 12 миллиард теңгеге бағалаған. Бір жылға жуық уақыт өтсе де сату бағасын өзгертпепті. Яғни шаршы метрі шамамен 600 мың теңге. Астанада қазір бірінші санаттағы пәтердің квадраты бұдан қымбат.
Негізі мүндай ғимараттардың әр шаршы метрі 1 миллион теңгеге дейін барады. 11 миллиард 700 мың теңге ауқымды боп естілуі мүмкін. Алайда бұл нарықтық бағадан әлдеқайда төмен. Бұл тура орталықта орналасқан ғимарат. Сатылымда кез келген обьектінің орналасқан жері үлкен рөл атқарады. Өйткені ішіндегі құрылысты өзгертіп алуға болады, - дейді жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Диляра Сүлейменова.
Осыған дейін көлемді ғимараттың 90 пайызы «Самұрық-Қазынаның», 10 пайызы Ұлттық банктің иелігінде болған. Енді ол жекеменшікке басыбайлы берілмек. Күзден бастап мұнда мұнайшылар емес, портфель ұстаған профессорлар кіруі мүмкін дейді сату агенттері. Олар аты да, заты да танымал нысанның саудасы өте тартысты болатынына сенімді.
Сатып алушылардың алдыңғы легінде беделді бір университет болуы мүмкін. «Шеврон», «Лукойл» сияқты ірі мұнай компаниялары да өздеріне сатып ала алады. Инвесторлық компаниялардың көзі бірден түседі-ау?.. Мысалы Қытай, Оңтүстік Корея, Америка бар. Қазақстанда да бұл ғимаратты сатып алатын олигархтар жетеді, - дейді Жылжымайтын мүлікті сату агенттігінің басшысы Ғалым Ысқақов.
Еліміздегі ең табысты мамандық иелері бұл ғимараттан ертеректе көшіп кеткен. Олар көршілес орналасқан басқа шынылы ордаға ауысыпты. Осыған дейін де «ҚазМұнайГаздың» көп кеңсесі жалға берілген екен. Ал сату туралы жарнама электронды сауда алаңында жарияланған. Онда қалай сатып алуға болады, қандай құжат керек, ғимараттың ішкі-сыртқы сипаттасы айнақатесіз жазылған.
Ең ірі ғимаратты сатып алам деген қалталылардың әлі ойлануға уақыты бар. Өйткені аукцион тамыздың 31-і күні, таңғы сағат 8-де басталады. Оның үстіне сатып алуға қатысу үшін алғашқы жарнасына 92 миллион теңге құю қажет. Ал 11 миллион 726 мың теңге – бастапқы баға. Ол уақытқа дейін ірі ғимаратты бұдан да қымбатқа сатып алатындар табылуы мүмкін.