Ресейдің халқы тиын санап кетуі мүмкін - сарапшы

Дастан Жұмабекұлы

Мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру 1,6 трлн рубльге қысқарады

фото: aif.ru

Ресейдің Қаржы министрлігі 2023 – 2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік бағдарламаларды 1,6 трлн рубльге қысқартуды жоспарлап отыр.

Бұл туралы rbc.ru  хабарлады.

Инвестбанктің сарапшысы Наталья Лаврованың айтуынша, алдағы үш жылда негізінен ғылым мен өндірісті дамытуға, жолды салуға және оны қайта жөндеуге арналған қаражат қысқаратын болады.

Инфрақұрылым жоспары 390 млрд-қа, өндірісті дамытуға бөлінген қаржы 200 млрд рубльге, ғылымға бөлінетін ақша 150 млрд-қа, ауыл шаруашылығына 25 млрд рубльге азайса, бюджеттен ғарышты игеруге берілген сома 21,4 млрд-қа, Қырымды дамыту жоспары 15,8 млрд-қа, Инновациялық экономикаға делінген бюджет 11,5 млрд-қа азаяды.

Жалпы бюджет шығыны 2023 жылға 557 млрд-қа, 2024 - 539 млрд, 2025 - 534 млрд-қа қысқартылады, – деді ол.

Сарапшының айтуынша, Ресейдің басқа елдерге сататын мұнайының 55 пайызы Еуроодаққа жөнелтіледі. Биыл наурыз бен сәуір аралығында бұл көрсеткіш 20 пайызға дейін азайған. Болашақта жайғдай осылай жалғаса берсе, Ресейдің халқына барынша үнемдеп, тиын санап өмір сүруге тура келеді.

Осыған байланысты қазір Кремль мұнайды сатуға болатын басқа да жолдарды іздестіріп жатыр. Енді мұнай эмбаргосы толық күшіне енгеннен кейін жағдай қиындауы мүмкін. Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларының алтыншы легі 3 маусымда күшіне енді. Егер осы сценарий іске асса, көрші елде қара алтын өндірісі 30 пайызға азаюы мүмкін. Ресей бюджетінің 40 пайызы мұнай, 12 пайызы газ сатудан түскен қаржымен толығып отырған.