Қарашөкеев қанттың қазіргі бағасын білмейтін болып шықты

Еркеғали Болатұлы

Елдегі қант қызылшасының 80 мың гектарға жуығынан 12 мың гектар ғана алқап қалған

фото: Нұрбек Әлманбетов

Өңірде шаруашылықпен айналысып отырғандарға ыңғайлы жағдай жасалмаған. Не су, не өнім жоқ. Үкімет қабылдаған шешім мәселені одан сайын ушықтырып отыр. Сол үшін кеше мәжілісмендер Ауыл шаруашылығы министрін сынға алған еді. Тіпті олар өзімізде барды ұқсата алмай отырған министрліктің саясатын «сауатсыз» деп санайды.

«Астана» телеарнасының хабарлауынша, көктемнен бері тапшылыққа айналған қанттың дүкендегі бағасын министр білмейтін болып шықты. Мысалы, кезінде елде қант қызылшасының 80 мың гектарға жуық алқаптары болған. Ал қазір 12 мың гектар ғана алқап қалыпты. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қант қызылшасын өсіру оңай шаруа емес деп ақталды.

Қант қызылшасын шығарып, өсіру деген оңай зат емес. Біріншіден, ол көп материалдық ресурс құндылықтарын талап етеді. Сол себептен осы жылдың басында біз осы екі өңірге барғанда қант зауыттарының иелерімен, қызылша өсіретін өсімдік шаруашылықтарының өкілдерімен кездесіп, қант қызылшасын сатып алу бағасын көтеру мәселесіне қол жеткіздік, - дейді ол.

Депутаттар алдында сүрініп кетпеуге тырысқан министр бәрібір сын мен сауалдың астында қалды. Депутаттар тек Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, жалпы Үкімет жұмысына да көңілдері толмайтынын айтып, министрлерді ел аралауға шақырды.

Ұлттық жоспарлау министрлігі қаржы бөлетін ауыл шаруашылығы бола ма, білімге қатысты бола ма, денсаулыққа қатысты бола ма, бірге жүріңіздер елге. Ол депутаттардың ғана міндеті емес қой. Біз жинақтап, бүкіл проблеманы Үкіметтің алдына қойып жатырмыз. Қаншама мәселе бар. Орындалып жатқан жоқ, - деді Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.

Бүгінде мал бағып, өнім берем деген шаруаларда жайылымдық жер де жоқ. Тіпті министр алып тастаған нормалардан кейін екі қабатты үйдің бір қабатынан қора жасап, жүздеген мал бағып отырған шаруалар бар екен. Ал оларды қадағалайтын тағы ешкім жоқ.

Егістік жерлер үшін де тұқым тапшы. Кем-кетікті қарша боратқан депутаттар сонша мәселенің шешімі күзге дейін шешіліп кетуі екіталай екенін іштей сезеді. Себебі министр мәселелерді шешетін ресурс та, қаржы да жеткіліксіз деп отыр.